Көшпенділер ойындары: Астанада салт аттылар шеруі өтті

28 шілде 2024 10:52 / Новости Казахстана
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Алдағы дүниежүзілік көшпенділер ойындарына орай елордалық бір топ белсенді қала көшелерін атпен аралады. Таңертең «Барыс Арена» алаңына атқа мінген белсенділер жиналды. Олардың мақсаты – дүниежүзілік көшпенділер ойындарын насихаттау, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Ұлы дала дүбіріне жақын қалды. Біздің мақсат – көшпенділер ойындарын насихаттау. Бұл шара енді апта сайын өтеді. Біз қазір атқа отырып елорда көшелерін аралап өтеміз. Айта кететін жайт, бұл жерге кәсіби спортшылар емес, белсенділер жиналған, яғни атпен серуендеуге құмар жандар. Біз барша жұртты көшпенділер ойындарын көруге шақырамыз. Себебі біз көшпенді халықпыз, өз ерекшелігімізді мақтан тұтуымыз қажет», - дейді Tengri Road саяхатшылар ат клубының негізін қалаушы Сағадат Темкенов.

Көшпенділер ойындарын қолдаушылар қала бойынша 10 шақырымды атпен жүріп өтпек. 

Айта кетсек, алаңға атпен серуендеуге құмар жандар жиналған. Атпен қатар тазы иелерін де байқадық. Елорда тұрғындары мен қонақтары жылқы және тазы иттермен суретке түсуге таласып жатыр. 

Еске сала кетсек, дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Бірлік керуені» Жамбыл облысынан басталған.

Бүгінде Астана қаласы дүниежүзілік көшпенділер ойындарына орай безендіріліп жатыр.

 

Серіктес жаңалықтары