Костенко шахтасында бұрын қандай бұзушылықтар анықталған

29 қазан 2023 10:00 / Новости Казахстана

Соңғы рет Костенко шахтасындағы төтенше жағдай 2018 жылы болды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Онда адам шығыны болған жоқ. Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов бұған дейін шахтада қандай бұзушылықтар анықталғанын және қалай жойылғанын айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

«Бұл шахтада соңғы рет 2018 жылы өрт болған. Ол кезде көз жұмған және зардап шеккендер болған жоқ. Біздің білуімізше, тексеру жұмыстары әлі жүріп жатыр. Яғни, Өнеркәсіп қауіпсіздігі департаменті тарапынан жоспарлы тексеру жүргізілуде», - деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингіде. 

Белгілі болғандай, қайғылы оқиға кезінде тиісті органдар шахтаны тексерген. Бұл жұмыстар 30 қазанда аяқталуы керек еді. Алдыңғы мониторинг бойынша 212 бұзушылық табылған.

«Тексеру 9 қазанда басталып, 30 қазанға дейін жалғасады. Өткен жылы да тексеру болды. Онда 171 нысан тексеріліп, 212 бұзушылық анықталды. Олардың біреуінен басқасының бәрі түзетілді. Бұл кемшіліктер қазіргі төтенше жағдайға әкелді ме, жоқ па, айту қиын. Себебі мемлекеттік комиссия, тиісті сараптамалар жүргізу қажет. Осы сараптамалардың нәтижелері бойынша ғана осы апатқа не себеп болғаны туралы қорытынды жасауға болады», - деп толықтырды Сырым Шәріпханов.

Өткен жылы негізгі бұзушылықтар тізімінде бірнеше тармақ болған.

«Өткен жылы анықталған бұзушылықтар ішінде техникалық құрылғылардың қызмет ету мерзімі өткені, өндірістік ғимараттар мен технологиялық құрылыстарды тексеру және диагностикалау жүргізілмегені, мемлекеттік инспекция қатысуымен қауіпті техникалық құрылғыларды пайдалануға беру актілері ұсынылмағаны, қазбаларды желдетуді жақсарту жөніндегі іс-шаралар орындалмағаны, өндірістік бақылау деңгейі бұзылғаны бар еді. Бұл ең негізгі себеп. Газ деңгейін үнемі қадағалап отыру керек, түтін деңгейін бақылау керек. Ол үшін тиісті шаралар қабылдау қажет. Бұл жұмыстардың барлығы сапалы жүргізілген жоқ», - деп толықтырды ТЖ министрі.

 

Серіктес жаңалықтары