Кунсткамерадағы қазақ тарихына қатысты фотосуреттер көрсетілді

26 мамыр 2024 14:00 / Новости Казахстана

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының тұрмысын, өмір салтын таспаға басып, ұлттық этнографиямыздың тарихына терең үңілдіре түсетін Самуил Дудинның сирек фотосуреттері бүгінде қымбат қазынаға айналып отыр. Шетсіз-шексіз қазақ даласын асықпай аралап түсірілген мыңдаған фотосуреттер ұлтымыздың бай мәдениетін паш етеді, - деп хабарлайды Arbat.media.

1899 жылы С.Дудин Ресейдегі антропология және этнография музейінің тапсырмасымен шұғыл экспедиция құрып, қазақ даласына аттанып кетеді, - деп жазады Kazinform агенттігі. 

Бұл сапарында ол Ақмола, Жетісу, Семей облыстарын аралап, қазақтың тұрмысы мен қоғамдық өмірі, салт-дәстүрі, ұлттық этнографиясына қатысты фотосуреттер түсіруге тапсырма алған. Ал түсірілген суреттер 1900 жылы Парижде өтетін көрмеде таныстырылуы тиіс болатұғын.

Жанына бірнеше шығыстанушыларды ерткен Дудин экспедициясы қазіргі Павлодар қаласынан басталыпты. Ол тұста Павлодар уезі Семей облысына қарайтын. Экспедиция мүшелері табиғатының сұлулығы көпке аян Баянауылды бетке алып, жолай Қалқаман, Қарасор асуларынан өткен. Одан соң атақты Қоянды жәрмеңкесінде аялдап, әрі қарай Қарқаралы барған.

 

Жуықта осы тарихи фотосуреттерден құралған халықаралық көрме облыс орталығындағы «Ertis» мультимедиялы музейінде ашылды. Көрмені ұйымдастыруға себепкер болған Д.Багаев атындағы мұражай-үйінің басшысы Күләш Шайдуллинаның айтуынша, фотосуреттер Ресейдің Санкт-Петербор қаласындағы кунсткамерадан - антропология және этнография музейінің коллекциясынан алыныпты.

- Мұндай көрме Павлодар төрінде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Самуил Дудин экспедициясы 1899 жылы тек қана Павлодар уезі және Семей облысы бойынша 500-ге жуық фото түсіріп, оның 200-ін антропологияға арнаған екен. Экспедиция мақсаты қазақтардың күнделікті өмір тұрмысы ғана емес, этнографиялық ерекшелігін түсінуге ұмтылыс еді. Ол Павлодар қаласынан бастаған сапарында жолай Қалқаман, Қарасор жерлерінде аялдап, көптеген ауылдарды фотоаппаратына басып алып отырған. Мысал үшін мынау фотосуреттерде құс төсекте жатқан қазақ байы, саятшы, ұзатылып бара жатқан кедейдің қызы, ірімшік қайнатқан әжей, жайлауға шыққан көш салтанаты, Баянауылдағы Жасыбай көлінің маңайындағы ескі зираттар, Ақкелін маңы және тағы басқалары бейнеленген, - деп әңгімелейді К.Шайдуллина.

Фотограф сол уақытта Қоянды жәрмеңкесінің бел ортасына тап болып, қазақ этнографиясы мен шаруашылығына қатысты тың мәліметтер жинаған. Қоянды жәрмеңкесі жайында айтсақ, ол сонау 1840 жылдан 1930-шы жылдарға дейін, әр жылдың 25 мамыр-25 маусым аралығында жұмыс істеп тұрған. Жәрмеңке тек сауда-саттық ісінде ғана емес, көршілес елдермен тұрақты экономикалық байланыс жасауда, халықтың өнері мен мәдениетін дамытуда аса маңызды орын алды. Қалың қазақ қауымының бас қосатын, халық өнерін насихаттаудың орталығы болды.

Арқа өңірінің небір тарландары жиылып, өнер сайысын ұйымдастырып, жәрмеңкені қыздыра түскен. Әншілер, палуандар, цирк әртістері сонау Қытай, Ресей, Жапониядан да келген деген деректер бар.

Фотограф жәрмеңкеде тек сурет түсіріп қана қоймай, қазақтың ұлттық киімдерін, әсіресе, жаңа түскен келіннің сәукеле, қамзол, қазақтың шапаны мен күпі түрлерін, түлкі тымақ, саптама етіктерін, сондай-ақ шаруашылыққа пайдаланатын заттары мен жергілікті зергерлердің қолынан шыққан әшекей бұйымдарды, өзге де заттарды сатып алып отырған. Оның барлығы кейін Петербордағы музейге қойылады.

Фотосуреттер: Kazinform

 

Серіктес жаңалықтары