LRT Қосшыға дейін салынады
Астанадағы LRT Қосшыға дейін ұзартылады. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Arbat.Media.
Әкімнің айтуынша, күн сайын Қосшыдан Астанаға 15-тен 20 мыңға дейін автомобиль кіреді екен. Жеңіс Қасымбек көліктердің кіруі қала жолдарына үлкен жүктеме түсіретінін айтты.
«Қосшы қарқынды дамып келеді, ол — Астанаға көмектесіп отырған ірі серіктес қала. Сондықтан Қосшы мен Астана арасында белсенді қатынас бар, келесі кезеңді осы бағытта салуды жоспарлап отырмыз», - деді әкім.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бұл жобаның екінші кезеңнің бір тармағы ғана. Екінші тармағы Сығанақ көшесі арқылы Тұранға, әрі қарай қаланың ескі бөлігіне — ескі теміржол вокзалына дейін өтеді. Қосшыға баратын бөлігін бір жарым жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Әкім Қосшы бағытына қарай жүретін желінің бір бөлігі жер үстімен өтетінін айтты.