Мал ұрлығына берілетін жаза қатайды
Мал ұрлығына берілетін жаза қатайып, бұрын екі жақтың келісімімен немесе малдың құнын төлеумен, айыппұл салынумен ұрының «басынан сипап» қоя салатын жазалар қатайды. Жеңіл жазаның ұрлықты тыймай, керісінше өрістететініне талай рет көз жетті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Жазаның қатайғандығының арқасында былтыр елімізде мал ұрлығы 2022 жылмен салыстырғанда 16,3 пайызға азайды. ІІМ Криминалдық полиция департаменті басқарма басшысының орынбасары Жандос Батырбековтің мәлімдеуінше, былтыр ел аумағында 8,5 мыңнан аса мал ұрланып, оның жартысы табылған. «Алайда мал ұрлығын кәнігі кәсіп жасап алғандар әлі де қарапайым халыққа зиянын тигізіп отыр», дейді ол. Малдың сақталуын қамтамасыз ету үшін ІІМ бастамасымен жергілікті атқарушы органдар өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, мал жаю қағидаларын әзірлеп, бекітті.
Қазір Қылмыстық кодексте «Мал ұрлығы» деген жеке бап қарастырылған, ондағы ең жоғары жаза – мүлікті тәркілеп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Осы қылмыстың біліктілік белгісін ауыр қылмыстар санатына ауыстыру арқылы бірнеше рет мал ұрлағандарға, үй-жайға басып кіргендерге жаза қатаңдатылды. Бұл жәбірленушілермен татуласу арқылы ұрылардың жазадан жалтарып кетпеуіне және ұрлықтың алдын алуды күшейтуге мүмкіндік берді. Заңда жеке адам қораға түсіп мал ұрласа 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген, егер топ болып алдын ала сөз байласып, ірі мөлшерде ұрлық жасаса, жаза 7 жылға дейін беріледі. Ал бірнеше рет қораға немесе қоймаға бұзып кіргені үшін берілетін жаза – 10 жыл. Аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасаса, 12 жыл бас бостандығынан айыру көзделген.
Жуырда Қылмыстық істер жөніндегі облыстық сот алқасы Солтүстік Қазақстан облысы сотының төрағасы Ербол Жанғазиннің төрағалығымен Есіл аудандық сотының үкіміне жазылған шағым-арызды қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сөйтіп, үкім заңды күшіне енді.
Бұрын мұндай жағдайда жапа шегушімен келісім болса, келтірілген зиян қалпына келтірілсе, сот шартты немесе басқа түрлі жазалар беретін. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл «жеңілдіктердің» ұрлықты тыюға, қылмысты жоюға әсері аз екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.