Мәскеуден табылған қазақстандық жауынгердің сүйегі елге әкелінеді
Мәскеудегі Қазақстанның Елшілігінде Екінші дүниежүзі соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгердің сүйегін тапсыру рәсімі өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Сүйекті биыл мамырда Мәскеу түбіндегі Апалщино ауылы маңынан «Эхо Войны» тобы іздеп тапқан.
Жауынгердің медальонында сақталған жазбаның арқасында Қызылорда облысы Қазалы аудандық военкоматынан әскерге шақырылып, 144-атқыштар дивизиясының 785-атқыштар полкінің құрамында соғысып, 1941 жылы 7 қарашада Мәскеуді қорғау кезінде қаза тапқан Сейлан Мәметовтің (1912 жылы туған) жеке басын анықтау мүмкін болды.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев бүгінгі шара болашақ ұрпақ үшін құрбан болған жауынгерлерге тағзым екенін атап өтті.
Өз кезегінде «Эхо Войны» іздеу жасағының командирі Геннадий Иванов Сейлан Мәметов сияқты жауынгерлердің арқасында жау Мәскеуді ала алмағанын атап өтті.
Сейлан Мәметовтің туыстары әлі табылған жоқ. Сүйегі Қазақстанға жеткізіліп, толық әскери құрметпен жерленеді.
Қаза тапқан жауынгерлердің сүйегін табу бойынша қазақстандық және ресейлік іздеу топтарының бірлескен жұмысы жалғасады.
Фото: Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі