Мемлекет меншігіне қайтарылған жердің 3,7 млн гектары қайта бөлінді
Мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жер телімдерін қайта бөлу тек конкурстық негізде жүзеге асырылады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
«Қазір мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің 3,7 млн гектары қайта бөлінді. Бұл ретте, бірінші кезекте мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдарды елді мекендерге бекіту жолымен жеке ауладағы мал басына қажет сұранысқа бөлініп жатыр. Жер кодексіне сәйкес, жер учаскелерін алуға құқық беру жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде, ал олардың әділ берілуіне бақылауды Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады. 2022 жылғы 28 сәуірде Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде құрылған пайдаланылмаған немесе заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді қайтару комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, қоғамдық бақылау бөлігінде «Аманат» партиясының жанынан құрылған Жер аманаты комиссиясы да бар», - дейді АШМ өкілі.
Ведомство мәліметіне қарағанда, мақсат бойынша пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп қайтару рәсімі кемінде екі жыл уақыт алады. Бұдан басқа, жерді пайдалану қажет екені туралы нұсқама берілгеннен кейін, оларға базалық салық ставкасын жиырма есе ұлғайту қолданылады. Осыған байланысты мемлекеттік инспектордың актісін алғаннан кейін, жер пайдаланушы учаскені игеру бойынша өзінің мүмкіндіктерін нақты бағалай отырып, өз еркімен мемлекет меншігіне қайтаруға құқылы.
«Бұл ретте, арнайы жер қорына кірген бос жерді қайта бөлу тек конкурстық негізде жүзеге асырылады. Осыған байланысты бұрынғы жер пайдаланушының жер учаскесін қайтадан алу мүмкіндігі екіталай. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласында қабылдаған шешімдерінің заңдылығына мемлекеттік бақылауды атқарып жатыр», - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.
Айта кетейік, 2022 жылдың басынан бері пайдаланылмайтын 10 млн гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды.