Орталық Азиядағы ең ұзын көпірде автошеру өтті

26 қазан 2024 9:47 / Новости Казахстана
Фото: ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің салынуына және Республика күніне орай салтанатты шаралар өтті. Өңір тұрғындарын құттықтаған облыс әкімі Ермек Көшербаев көпірдің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынғанын ерекше атап өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Бұл көпірді халық талай жыл күтті. Енді ол Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлікті, туризмді және логистиканы дамытудың маңызды стратегиялық нысанына айналды», - деді аймақ басшысы облыстың жеті ауданының тұрғындары мен мереке қонақтарына сөйлеген сөзінде, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Ермек Көшербаев көпір құрылысына тек отандық мамандар мен құрылысшылар тартылғанын айтты.

«Шетелдік инженерлерді бәрі мақтап жатады. Бірақ біздің республикада да, облыста да өзіміздің білікті мамандар бар. Олардың тәжірибесі шетелдіктерден еш кем түспейді», - деді Ермек Көшербаев.

Одан соң әкім көпір құрылысына сүбелі үлес қосқан азаматтарға Алғыс хат табыс етті. Марапатталғандар қатарында Абай облысы әкімінің кеңесшісі Азамат Қасым бар. Ол республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің ШҚО-дағы меншікті тілшісі болып жүргенде Президенттің тапсырма беруіне әсер еткен мақаланы жазған болатын. Сондай-ақ «Күршім» паромының капитаны Алтай Бердікпаев, аға капитан Серік Нөкетаев және басқарушы Қадылбек Жармұхамбетов та марапатқа ие болды.

Осы күні көпірде автошеру өтіп, түрлі спорттық сайыстар мен мерекелік концерт ұйымдастырылды.

 

Серіктес жаңалықтары