Орынбор газ өңдеу зауыты газ қабылдауды қайта бастады
Орынбор газ өңдеу зауыты газ қабылдауды қайта бастады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Осылайша Қарашығанақтағы өндіру көлемі қалпына келтіріліп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.
«Орынбор газ өңдеу зауыты қазақстандық кен орнынан шикі газ қабылдауды қайта бастады. Осыған байланысты жобаның операторы 19 қазандағы оқиғаға дейінгі штаттық деңгейге жету үшін газ өндіру көлемін біртіндеп арттыруда. Шикізат қабылдаудың уақытша тоқтатылуы мен өндірудің қысқартылуы елдің ішкі нарығын газбен қамтуға кері әсер етпеді. Қазақстандық тұтынушылар алдындағы барлық міндеттемелер толық орындалды және бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», – делінген ведомство таратқан хабарламада.
Министрлік Қарашығанақта отандық газ өңдеу зауытын салу стратегиялық маңызға ие жоба ретінде белгіленгенін баса айтты. Бұл жобаны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жүзеге асыратын болады.