Өскемен гарнизонында мерзімді әскери қызметші қаза тапты

25 қаңтар 2026 13:44 / Новости Казахстана

23 қаңтар күні Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде мерзімді әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан өз-өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Марқұм 2025 жылғы сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылған.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Өскемен бөлімі қылмыстық іс қозғады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының бақылауында. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тапсырмасына сәйкес, оқиғаның барлық мән-жайын объективті әрі жан-жақты анықтау мақсатында оқиға орнында Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабековтің жетекшілігімен арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

Серіктес жаңалықтары