Отандық жылқы өсірушілер тығырыққа тіреліп отыр
Еліміздегі жылқы саны соңғы жылдары еселеп өсіп, 4,3 млн-ға жеткен. Өкінішке қарай, жылқы етін экспортқа шығаруды былай қойғанда, жергілікті ірі сауда желілеріне өткізу ауылдағы ағайын үшін үлкен мәселеге айналған. Ал ет өңдейтін кәсіпорындар мен мейрамханалар оны Ресейден тасып отыр. Сан бар, сапа жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, еліміздегі жылқының 10 пайыздан астамы Түркістан облысында. Ондағы шаруашылықтар 475 мыңға жуық қылқұйрықты өсіріп отыр. Абай облысында 401 мың жылқы бар. Ал үштікті Қарағанды облысы түйіндейді. Ертіс-Баян өңірінде де соңғы жылдары жылқы саны көбейіп келеді. Павлодар облысында 292 мыңнан астам жылқы өсіріледі. Оның 5,5 мың асыл тұқымды, бұл — жалпы жылқы басының шамамен 2,4 пайызы ғана, - деп хабарлайды Arbat.media.
Алайда жылқы шаруашылығында сан болғанымен сапа ақсап жатыр, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Соның салдарынан отандық жылқы өсірушілер қазір үлкен тығырыққа тіреліп тұр. Ғылымдағы соңғы жетістіктер мен өнертабыстар жылқы шаруашылығына енгізілуі керек деп есептейді отандық экономистер.
Қазақ жылқысының типтері шындап келгенде өзге жылқы түрлеріне қарағанда денесі шағын, экспортқа таза ет күйінде шығарылғанда салмағы аз. Мысал үшін кейбір жылқы етін тұтынатын Еуропа елдері жылқының таза еті тұтастай алғанда 250 килодан төмен болмауы керек деген талап қояды. Бұл — бір ғана мәселе.
Екіншіден, біздің елімізде жылқы етін, оның терісі мен тұяғын, қылын іске жарататын кәсіпорындар жоқтың қасы. Пісірілген шұжық дайындайтын үлкен компанияларда жылқы етінен шығарылатын өнімдердің үлесі 5 пайызға да жетпейді. Ел тұрғындары жылқыны көбіне соғымға және ат спортына ғана жарататынын айтуымыз керек.
Үшіншіден, жыл санап жайылымдар саны тарылып келеді. Бұл — бірнеше мыңдаған жылқы табындарын ұстайтын үлкен шаруашылықтарға қысы-жазы жұмыс істейтін мал бордақылау орындарын құруға негіз болуы керек.
Павлодар облысында жылқы саны соңғы 30 жылда 3,5 есеге көбейгеніне қарамастан бұл салада бірқатар мәселелер қордаланып қалған. Мысал үшін өңірдегі жылқының тек 5,5 пайызы асыл тұқымды. Жергілікті шаруашылықтар үшін жылқы етін экспортқа шығару әлі күнге арман болып отыр. Дамыған мемлекеттер, мәселен, Франция мен Италия халқы жылқы етін тұрақты тұтынғанымен қазақ жылқысының еті олардың тәбетін ашпай тұр. Еуропа жұрты еттің сапасын қазының қалыңдығымен өлшемейтіні белгілі. Импорт еттің салмағы мығым болуы керек. Ал біздің жылқылардың әлеуеті оған әзірше жетпейді. Сондықтан жылқы өсірушілеріміз әуелі сапа тұрғысына мән беріп, жануардың қасиетін физикалық тұрғыдан арттыруға көңіл бөлсе керек. Бір қызығы, Орал өңіріндегі «Кублей» зауытының өзі жылқы өнімдерін дайындау үшін шетелден жылына 5 мың тонна тоңазытылған жылқы етін сатып алатын көрінеді. Ал нарықтағы жылқы етінің 6-7 пайызын Ресейден жеткізілетін өнімдер құрап отыр. Өзіміздің қалалардағы супермаркеттер желісі жергілікті шаруашылықтардан жылқы етін тіпті алғысы келмейді. Олардың талабы бойынша, өндірушілер жылдың 4 мезгілінде де бірдей сападағы етті жеткізуі керек. Қазақ жылқылары тек тебінде жүріп, ауа райы, табиғат жағдайына байланысты қоң жинайтындықтан, олардың көңілінен шығатын ет тек күз айлары мен қыстың басында ғана болатыны түсінікті. Сондықтан жылқы өсірушілер үшін сауда желілері алынбас қамалға айналған, -дейді Торайғыров универсиетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор Еркін Садықов.
Ғалым атап өткендей, дамыған мемлекеттер, соның ішінде Қытай соңғы 10 жылда жалпы ішкі өнімнің 1 пайызын ғылым саласына бағыттап, нәтижесінде ауыл шаруашылық құрылымдары озық технологиялармен жарақталған.
Соңғы 4 жылда жергілікті университет өңірдің іргелі шаруашылықтарымен байланыстарын нығайтып, дуалды оқытуға көбірек көңіл бөле бастады. Нәтижесінде «Победа» және тағы басқа шаруашылықтарда жастар жұмыс істеп әрі бір жағынан білім алып, тәжірибесін толықтыру үстінде.
Бұл тәжірибені болашақта жылқы шаруашылықтарында да жүргізуге болады. Себебі қазіргі күні аймақта жылқышылардың тапшылығы байқалып отыр.
Мыңдап табын айдау тиімді емес
Ғалымдар алдағы 10-15 жылда еліміздегі қылқұйрықтардың саны 10 млн-нан асады деп болжап отыр. Бұған еліміздегі жайылымдар мүмкіндік береді. Ендігі жерде қазақ жылқысының сапа тұрғысындағы көрсеткішін арттыру маңызды.
Мысал үшін жергілікті «Мойнақ-2015» ЖШС-ында жаңаалтайтық жылқылар 2000-шы жылдан бері өсіріледі.
— Жаңа алтайлық пен қазақ жылқысын шағылыстырып, одан алынған жабағыны сойғанда 170 килограм ет берді. Ал екі жарым жасар құнанның таза еті 250 килограм тартты. Әлгі серіктестік жергілікті шаруашылықтар үшін жаңаалтайлық жылқы тұқымын сата бастауы мүмкін. Бұрын Ресейден қымбатқа сатып алып келген жануарлар өзімізде көбейіп жатқаны қуантарлық жаңалық. Бұл біздің климатқа әбден бейім, төзімді жануарлар. Бұған қоса жылқы өнімдерін өңдеу ұмыт қалып барады. Ертеде Мәскеудегі жылқы өсіру бойынша халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып жүрдім. Сонда якут жігіттерінің жылқы терісінен жасаған құрақ көрпесін көріп, таң қалғаным бар. Жылқы терісінен олар жылы аяқ киім (угги), бас киім, ішік, қолғап тігеді. Бізде бұл жағы мүлде мақұрым қалып жатқаны өкінішті. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы жинаған табынды жылқыны өсіру бойынша тәжірибелерін ұмыту — бізге үлкен сын. Отандық жылқы өсірушілердің озық тәжірибелерін енгізіп, жайылым технологиясын, табын мен үйірдің қалыптасуын, табиғи апатқа, жұтқа қарсы күрес амалдарын зерттеу қажет. Кезінде бір ғана Павлодар облысында 7 жылқышы республикаға әйгілі болып, оларға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Олар — Ж.Әбілқайыров, Н.Әлжанов, Қ.Ермағамбетов, М.Жүсіпов, Е.Қонақов, М.Шажанқанов, Қ.Қаленовтер. Осы азаматтардың іс-тәжірибесін жинастырып, қазіргі жылқы бағушылар мен шаруашылықтарға енгізсек, нұр үстіне нұр болар еді, -дейді Павлодар облысындағы жылқы өсірушілер қауымдастығының төрағасы Төлеген Асанбаев.
Өңірдегі жылқы табындарының дені Баянауыл, Май аудандарында және Екібастұздың ауылдық аймағында шоғырланған. Өңірде жайылым мен жылқышылар тапшы. Урбанизация әсерінен жастардың көбі қалаға қашады, ал ауылдық жерлердегі жылқышының еңбегі 150-200 мың теңгеден аспай тұр.
Ал Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың пікірінше, жылқы табындарын тым қалың ету ұстамау керек.
Қазіргі статистикаға сүйенсек, 100 биеден әрі кетсе 65 құлын алынады. Сондықтан жылқы табынын бөліп-бөліп, әрі кетсе 400-450 бастан асырмай ұстау керек. Жайылым тапшылығы да сезіліп отыр. Былтыр облыста 400 мың гектарға жуық игерілмеген жер халыққа қайтарылды. Облыста қымыз дайындау бойынша ұйымдастырылған өндіріс жоқ. Май ауданындағы „Ақжар-Өндіріс“ агрофирмасы жұмысшылардың жоқтығынан тоқтап тұр. Ал құр ет өндірумен айналыссақ, жылқы шаруашылығының болашағы мардымсыз болмақ. Бұл салада нарықтық бәсекелестік деген атымен жоқ. Халықаралық нарыққа бейімделу үшін өзге елдердің тәжірибесін үлгі етуден ұтылмаймыз. Мысал үшін Моңғолия мемлекетіне қараңыздаршы, оларда жылқы арасында түрлі індет көп бола тұра, Қытайдың нарығын жаулап алды. Жергілікті экспортшылар жылқы етін әуелі ыстық суда жартылай қайнатып алады да, сосын экспортқа жібереді. Ондағы еттің килосы әрі кетсе 3,5 доллар. Интенсивті дамуға көшіп, еттің сапасын қысы-жазы бірдей қалыпта ұстау үшін мал бордақылау фермаларын салуымыз керек. Алдағы жылдары жылқының еті де қазіргіден арзандайды, оған күмәндеріңіз болмасын. Себебі ол нарықта көбейе түсті, -дейді А. Байханов.
Есектің етін ұнататын қытайларды жылқыға жерік ете аламыз ба?
Қытайдың Шыңжан өлкесіндегі Тарым университетінің профессоры Гіміңгүл Мұқантайқызының сөзінше, қытай халқы жылқы етінен гөрі, есек етін жегенді ұнататындықтан бұл елде де жылқы етін қайта өңдеу дамымаған.
Ханзу халқына жергілікті ғалымдар әлі күнге қымыздың пайдасын да жеткілікті дәлелдей алмай отыр. Мұнда 3 млн-ға жуық жылқа бар болса, оның көбі спорт және көпшілік серуені үшін пайдаланылады. Жалпы саны 3000 жылқы клубы құрылып, мұнда мініс жылқылары халыққа ұсынылады.
— Ел билігі ат спортында бәс тігуге рұқсат бермей отыр. Өйтсе, адамдар оқу-білімнен қалады, ғылыммен айналыспайды, лудоман дертіне шалдығады деген пікір бар. Әйтпесе, бізде ат спорты өз деңгейінде дамып келеді. Бие сүті аса танымал емес, себебі жұрт оның пайдасын жеткілікті білмей отыр. Кейбір кезде жылқы етін есек еті деп ұсынатын да жағдайлар кездеседі. Ғылыми тұрғыдан баға берсек, қазақ жылқысының төзімділігі мен мініске шыдамдылығына тең келетін жылқы әлемде жоқ. Қазақ жылқысын өзге тұқыммен будандастырудың қажеті жоқ, оның қасиетін сақтап қалу аса маңызды, -дейді Гіміңгүл Мұқантайқызы.
Ал Моңғолияда жылына 49,1 мың тонна жылқы еті өндіріліп, көбі сыртқа экспортталады екен. Бұл елде арнайы страгетиялық бағдарлама түзіліп, келешекте жергілікті монғол жылқыларының ет сапасын және жылдымдығын арттыру көзделіп отыр.
Жылқы еті мен қымыз — жанға дәру
Ғалымдар қымыз бен жылқы етін күнделікті дастарқанда мол пайдалануға кеңес береді. Зерттеулер көрсеткендей, жаңа сауылған саумал мен қымыздың пайдасы, химиялық құрамы бірдей.
Сондықтан саумалдың пайдасы қымыздан артық емес. Мәселе оның жеңіл сіңуінде. Сүтінде С, А, Е, Д, В дәрумендер тобы, РР дәрумені өте көп кездеседі.
Сонымен қатар микро-макро элементтері — Сa, Сu, Mn, Mg жеткілікті. 1-1,5 литр қымызда С, А, В дәрумендер тобының адам ағзасы тұтынатын тәуліктік нормасы бар. Сондықтан иммунитетті нығайтуда одан артық сусын жоқ.
— Құрамындағы майлар, амин қышқылдары, ақуыздар, толып жатқан өзге де дәрумендер, әсіресе, жас балалардың толыққанды өсіпжетілуіне жағдай жасайды. Сондықтан балаға саумал-қымыз беріңіздер. Ал жылқының еті өт сұйықтығын реттеп, семіруден, қант диабетінен, сары аурудан, ұйқы безі ауруынан, басқа да түрлі сырқаттардан сақтайды. Үй жануарлары ішінде жылқының еті тез қорытылады. Жылқы сүтінен косметикалық өнімдер шығару, терісі мен жал-құйрығын, тұяғын өндірісте жарату да кәсіпкерлерге жақсы табыс көзі болар еді. Оны тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларды, несеп-зәр шығару жүйесінде сырқаты бар адамдарды емдеуге, яғни иппотерапияда кеңінен пайдаланған да дұрыс, -дейді ғалым Төлеген Асанбаев.
Жылқының қадірін танып-білуде ата-бабамыздан жалғасқан дәстүріміз үзіліп қалған. Бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз — осы жылқытану мектебін ортамызға қайта оралту.