“Өзін нашар сезінген”: Астанада жүргізуші көлік тізгінінде отырып қаза болды
Астанада Тоқпанов көшесінде болған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Arbat.media.
Алдын ала мәлімет бойынша, елордалық полиция жүргізген тергеу нәтижесінде жеңіл көлік жүргізушісі Шарль де Голль көшесіне қарай бет алған кезде өзін кенеттен нашар сезініп, көлікті басқара алмай қалған.
"Оқиға салдарынан жүргізуші оқиға орнында қаза тапты", – деп хабарлады Астана Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген кадрлар тарады. Онда тұрақта тұрған көлік пен қоршалған аумақ көрінеді. Қайтыс болған жүргізушінің денесі сол жерде болуы мүмкін деген болжам бар.
Оқиға орнына тергеу-жедел тобы барған. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.