Павлодарда 2 ұлын терезеден лақтырған әйел туралы тың дерек шықты

8 тамыз 2025 14:31 / Новости Казахстана

Павлодарда екі ұлын терезеден лақтырған әйелдің аурухана палатасы тәулік бойы полиция бақылауында тұр, деп хабарлайды Arbat.Media Tengrinews.kz тілшісіне сілтеп.

Бұл туралы Tengrinews.kz-ке Павлодар облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасында хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, әйел жатқан палатаға тәулік бойы кезекші полиция қызметкерлері бекітілген.

"Балалардың анасы стационарлық емдеуде жатыр. Оның ауыр жағдайына байланысты бұлтартпау шарасы таңдалған жоқ, себебі әйел жүре алмайды. Палатада полиция қызметкерлері кезекшілік етеді", – деді департаменттің тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Абзал Ыбраев.

Полиция өкілдері көршілердің сөзін де растады: бір жыл бұрын әйел бесқабатты үйдің терезесінен секірген.

"2024 жылы ол өз-өзіне қол жұмсамақ болып, балконнан секірмек болған. Бұл дерек тіркелді, кейін қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды", – деді Ыбраев.

Павлодардың №1 қалалық ауруханасы хабарлағандай, 7 тамызда науқасқа ота жасалған.

"1 тамыздан бері ол көпжарақат бөлімінде жатыр. Бүгін екі өкше сүйегіне остеосинтез жасалды. Жағдайы тұрақты", – деп мәлімдеді аурухана баспасөз қызметі.

Әйелдің тірі қалған үлкен ұлының да жағдайы жақсарып келеді.

"Бала жамбас сүйектерінің сынуына байланысты қатаң төсек режимінде жатыр. Динамика оң, жағдайы қанағаттанарлыққа жақын", – деді облыстық балалар ауруханасында.

Серіктес жаңалықтары