Перизат Қайрат 10 жылға сотталды

25 шілде 2025 20:26 / Новости Казахстана

Бүгін Перизат Қайрат пен анасына қатысты сот үкім шығарды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Бүгін, 25 шілдеде, сағат 15:00-де Астана соты Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Перизат Қайрат 10 жылға, анасы 7 жылға сотталды.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушылар Перизат Қайратты 10, анасы Ғайни Алашбаеваны 8 жылға соттауды сұрады.

Сондай-ақ, мемлекеттік айыптаушы 10 жыл бойы қайырымдылыққа қаражат жинауға тыйым салуды да талап етті.

Айта кетейік, қайырымдылық ақшасына Перизат Қайрат Астананың қымбат автосалондарынан бірнеше элиталық көлік сатып алды:

 

  • Mercedes-Benz S450 — құны 88 миллион теңге;
  • Lexus LX-600 — құны 80 миллион теңге;
  • Haval — құны 39 миллион теңге.

 

Қымбат көліктерден бөлек, Перизат «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» секілді элиталық тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығынан жылжымайтын мүлік сатып алды. Бұл мүліктердің жалпы құны 600 миллион теңгеге жеткен.

ҚМА таратқан ақпаратқа сәйкес, ол Дубай, Доха, Лондон, Стамбұл қалаларына жиі барып, «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace», «Kempinski» секілді бесжұлдызды қонақ үйлерде тоқтаған. Атақты «Cartier» мен «Louis Vuitton» брендтерінің әшекей бұйымдары мен аксессуарларын сатып алып, яхтада қыдырып, қымбат мейрамханаларда ас ішкен.

Өзінің айла-тәсілін жүзеге асыру үшін, ол жақын достары мен туыстарын қатыстырған. Олар қайырымдылық қоры қаражатын 8% сыйақы үшін қолма-қол ақшаға айналдырған.

Перизат Қайрат — «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының басшысы. Көктемдегі ауқымды су тасқыны кезінде халықтың қайғысын өз жүрегінен өткізгендей болып, президентке бейнеүндеу жолдады.

 

Серіктес жаңалықтары