Полицей есігін іштен жауып алған мейрамханаға терезеден кірді
Алматыдағы мейрамханаға полиция қызметкері терезеден кірді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбадан полиция қызметкерінің қатты музыка ойнап жатқан ғимаратқа терезе арқылы кіргенін көруге болады.
«Түңгі сағат екі. Жароков көшесінде орналасқан «Турандот» мейрамханасындағы шу тынышталар емес. Полиция жарты сағат бойы ішке кіре алмай жүр, ақыры терезе арқылы кірді» - делінген жазбада.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған мейрамхана маңында тұратын тұрғындардан шақырту түскен.
«Шақыруға Буран-126 патрульдік экипажы барды, мекеме ішінде адамдар болды, олар есікті ішінен кілтеп алған. Полицейлердің талабын орындамады. Содан кейін патрульдік экипаж қызметкері, полицияның аға лейтенанты Мәуленқұл ғимараттың екінші қабатына ашық терезе арқылы кіріп, өрескел заңбұзушылықтың жолын кесті», - деп хабарлады Алматы Полиция департаменті.
Ведомстводан атап өтккендей, мейрамхана иесіне қатысты ӘҚБтК-нің 437-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Тыныштықты бұзғаны үшін оған 15 АЕК (55 380 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Кейін мейрамхана әкімшілігі келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраған.