Президент Алматы қаласының әкімін қабылдады

29 қаңтар 2026 15:50 / Новости Казахстана

Мемлекет басшысына қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, сондай-ақ негізгі қала құрылысы мен инфрақұрылым жобаларының жүзеге асырылуы туралы баяндалды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Қала әкімінің айтуынша, былтыр қысқа мерзімді экономикалық индикатор 12,8 пайызға көтерілген. Мемлекет бюджетіне 6,6 триллион теңге салық пен міндетті төлемдер түскен.

Президентке қаланың бірнеше орталығын дамытуға бағытталған жаңа стратегиялық бастамалар таныстырылды. Аталған тұжырымдама аясында заманауи IT-инфрақұрылым, көпфункционалды іскерлік кешендер, сондай-ақ тұрғындардың демалысы үшін абаттандырылған рекреациялық аймақтар жасақталады. Яғни бұл жұртшылық жиі баратын орындарға айналады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы қаласының заманауи көлік жүйесін қалыптастыру жөнінде мәлімет берілді. Жүрдек қоғамдық көлік жүйелерін дамыту тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, қаланы орнықты дамытудың негізгі факторы болмақ.

Дархан Сатыбалдының айтуынша, Алматының Бас жоспарында ауаның еркін айналымын қамтамасыз етуді, шаһардың жоғары және орталық бөліктеріндегі шамадан тыс тығыз құрылысты тежеуді, сондай-ақ жасыл желектің аумағын үш есеге – 3 800 гектарға дейін ұлғайтуды көздейтін шешімдер қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары