Президент Киевте қазақ журналисіне жасалған қастандықты тергеу амалдарын жіті бақылап отыр
Президент кеңесшісі — баспасөз хатшысы Берік Уәли Киевте қастандыққа ұшыраған қазақстандық журналист Айдос Садықов ісіне орай пікір білдірді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Киевте Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты тергеу амалдарын жіті бақылап отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Ішкі істер министрлігі М.Қаратаевтың 2019 жылдың қаңтар айында ішкі істер органдарынан босатылғанын және қазіргі уақытта полиция қызметкері емес екенін мәлімдеген еді.
18 маусымда БАҚ-та Киевте Айдос Садықовқа қастандық жасалды деген хабар тараған болатын. Украина Ұлттық полициясының мәліметінше, белгісіз біреу Ярмола көшесінде тұрған көлікке жақындап, ер адамға оқ атқан. Көлікте ер адамның жанында әйелі болған, ол зардап шеккен жоқ.
Кейінірек А.Садықовтың әйелі Facebook желісінде екі күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Олардың бірі бұрын Қостанай облыстық полиция департаментінің қызметкері болған-ды. Ішкі істер министрлігі Киевте Қазақстан журналисі Айдос Садықовқа шабуыл жасады деген күдіктілердің ұсталғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді.
«Азамат М.Қаратаевқа қатысты оның 2019 жылдың қаңтар айында ішкі істер органдарынан босатылғанын және қазіргі уақытта полиция қызметкері емес екенін хабарлаймыз. Қазір біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес істің барлық мән-жайын анықтау бойынша тиісті жедел іс-шаралар жүргізіп жатырмыз. Осы жұмыстың нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі», делінген хабарламада.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес Қазақстанның құқық қорғау органдары қылмыстық істің мән-жайын анықтау үшін шұғыл шаралар жүргізіп жатыр. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына күдіктілердің қазіргі мекенжайын анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды», — деп жазды Берік Уәли Facebook парақшасында.
Ол Қазақстан тарапы Украинаның құқық қорғау құрылымдарымен, оның ішінде Интерпол жүйесі бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте жасалған қастандық жайында пікір білдірген еді.
Президент кеңесшісі Берік Уәлидің айтуынша, Қазақстанды айыптау кейбір күштерге тиімді.
Бүгін Ішкі істер министрлігі Айдос Садықовты атты деген күдікті Қазақстан полициясында жұмыс істемейтінін хабарлады.