Прокурор белсенді Санжар Боқаевты 12 жылға түрмеге қамауды сұрады
Алматы прокуратурасы Санжар Боқаевты орташа қауіпсіздік мекемесінде 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бүгінгі сотта тараптардың жарыссөзі басталды. «Гиперборей» мәліметінше, Боқаевтың жиені Мадияр Қалменовке 7 жыл түрме жазасы, ал видеооператор Ұлан Нүсіпқожаға 2,5 жыл бостандығын шектеу жазасын тағайындау ұсынылды.
Тергеу нұсқасы бойынша, Боқаев пен оның жиені автокеруен ұйымдастыруға кеткен шығынды әдейі асыра көрсетіп, кәсіподақ қаражатынан 42 миллион теңгеден астам ақшаны иемденген. Бұдан бөлек, прокуратура Боқаев видеооператормен бірге Үлкен Алматы өзенінің жағасындағы гранит тақталарды алып кетуді және Баум тоғайындағы ағаштарды кесуді өзі ұйымдастырған деп есептейді. Ұлан Нүсіпқожа гранит тақталарға қатысты эпизод бойынша кінәсін ішінара мойындап, Боқаевқа қарсы жауап берген.
Жалпы Санжар Боқаевқа бес бап бойынша айып тағылды. Олардың қатарында алаяқтық, ақшаны жылыстату, ұрлық, жалған ақпарат тарату және ағаштарды заңсыз кесу бар.
Айта кетейік, ол биыл көктемнен бері қамауда отыр. Сот процесі 16 қазанда басталған.