Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2023 халықаралық технология форумын ашты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын өтетін Digital Bridge 2023 халықаралық технологиялық форумын ашты, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Бүгінгі шараның тақырыбы — өте өзекті. Жасанды интеллект бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды. Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллекті технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор», — деді Мемлекет басшысы.
Президент жасанды интеллект адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмыс процестерін автоматтандырады және ауқымды экономикалық құндылық қалыптастыра алатынын айтты.
«Кейбір сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын елеулі үлесі — дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне парапар. Аталған технологияның кең қолданысқа ие болуы Қазақстанның қарқынды дамуында маңызды рөл атқара алады. Сондықтан қысқа мерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.