Президент Батыс Қазақстан облысының су басқан аумақтарын тікұшақпен аралады

4 сәуір 2024 13:14 / Новости Казахстана

Президент Батыс Қазақстан облысының су басқан аумақтарын тікұшақпен араладыМемлекет басшысының Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары қарғын су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап көруден басталды.Қасым-Жомарт Тоқаев Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы қалыптасқан жағдаймен танысты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Президентке бүгінде 6 аудан мен Орал қаласын су басқанын баяндады.

Қарғын су 552 тұрғын үйге, 427 саяжай теліміне зиян келтірген. Өңір басшысының айтуынша, су тасқынына қарсы шараларға 1911 адам, 332 техника, 101 мотопомпа, 1 тікұшақ жұмылдырылған.

Сонымен қатар құтқару жұмыстарына Алматы және Маңғыстау облыстарының құтқарушылары атсалысып жатыр.

Қарғын су басқан аумақтардан 7 мыңға жуық тұрғын көшірілген, жедел-эвакуациялау пункттері құрылған.

Зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 63 миллион теңге қаржы бөлінді.

Су айдау, нысандардың жан-жағын топырақпен қоршау және су жүретін құбырларды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Серіктес жаңалықтары