Қазақ хандығы картасының баспа құқығы қалай Германияға өтіп кетті

20 тамыз 2024 15:57 / Новости Казахстана
Фото: Айзада Ағылбаева / Kazinform

Астанада «Жошы, Шағатай, Хайду ұлыстары мен Моғолстанның этносаяси тарихы» атты халықаралық ғылыми практикалық конференция өтіп жатыр. Қазақстан, Татарстан, Башқұрстан, Өзбекстан, Канада, Қытай, Ресей, Мажарстан ғалымдарының басын қосқан халықаралық жиында белгілі тарихшы, Гарвард университетінің профессоры, ғылым докторы Нұрлан Кенжеахмет сөз алып, Жошы ұлысының тарихи карталардағы орны туралы баяндама жасады, - деп хабарлайды Arbat.media.

 Kazinform тілшісі ғалымды әңгімеге тартып, атышулы тарихи еңбегінің тағдыры туралы сұрады. 

«2016 жылы Қазақ хандығының карталары туралы жобаны бастағанымды білесіздер. Ол кезде өтпей қалды. 2019 жылы тағы екі рет ұсындым. Ғылым комитеті ол жолы да қабылдамады. Себебін сол қалпы білген жоқпын. Дүние осылай кете береді деп ойладық па, әйтеуір маңызына мән берген жоқ.

Украинадағы жағдайдан кейін әлгі жоба туралы сұрайтындар көбейе бастады. Шекараны шегендеу ресми шекарамен шектелмейтінін, тарихи шекараны айқындау маңызды екенін шынымен де уақыт көрсетіп отыр.

Гарвардтың Қытайтану орталығы бар. 2021 жылы соларға жобамды ұсындым. Сол жерде екі жыл тұрып, Қазақстанда іске асыра алмаған жобамды жалғастырдым. 2023 жылы ол зерттеуім Германияда ағылшын тілінде монография (Қазақ хандығының тарихи географиясы» - ред.) болып басылып шықты.

Қазақ хандығының Еуропа және шығыс карталарындағы аумағын салыстыра отырып, тарихи аумағымызды белгілей алдық деуге болады. Былтыр сол монографияның тұсаукесері Қазақстан Үкіметінің қолдауымен Астанада өтті», - дейді тарихшы.

Мемлекет әлем назарын аударған монографияға осылай көңіл аударғанымен, қазақ тілінде аудару мәселесі әлі шешілмеген көрінеді.

«Сол тұсаукесерде белгілі ғалымдар осы оқулықты Қазақстанның жоғары оқу орындарына қазақшаға, орысшаға аударып, оқулық ретінде пайдалануды ұсынды.

Бірақ қазірге дейін ешкім аудармасын қолға алған жоқ. Раиса Қадыр деген қарындасымызға ұсынғанбыз. Ол қызығушылық танытып, аудармақшы болды да. Бірақ тарихи монографияны ағылшын тілінен тікелей аударатын маман таппай, қаржы жағы қиындық болып, аяқсыз қалды. Әйтпесе жақсы-ақ талпынып еді. Дегенмен ағылшын тіліндегі түпнұсқасы бүкіл дүниежүзіне таралып жатыр.

Кеше Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институты Қазақ хандығына байланысты конференция өткізді. Жиыннан кейін Башқұртстаннан келген 3-4 ғалым жеке жолығып, алғыстарын айтты.

«Башқұртстан тарихи карталарда» деген үлкен кітап шығарған екен. Сол кітапты менің монографиям бойынша жасап шыққан екен. Яғни, Қазақстанның өз ішінде қолданысқа енбегенімен, халықаралық деңгейде ғылыми айналымға кеңінен енді», - дейді Нұрлан Кенжеахмет.

Профессордың бұл еңбегі «Қазақстанда шекара, мемлекет болмаған» деп келетін саяси бопсаларға ғылыми тұрғыда жауап берген дүние екенін Қазақстан тарихшылары да мойындаған. Бірақ енді оны қазақша басып шығару үшін Германиядағы баспаханамен келісімге келу керек.

«Бұл монография Германияда басылып шыққанын айттым ғой. Авторлық құқық өзімде болғанмен баспа құқығы соларда. Бір мемлекет өзге елдің ғалымының еңбегін беталды шығарып бермейді ғой, арамызда сондай келісімшарт жасалған. Енді оны қазақша аударып басқызу үшін германиялық тараппен келісу керек. Ресейдің бір адамы аударып баспақшы болды. Бірақ немістер санкция салынған елде басып шығаруға болмайтынын айтып, бас тартты. Ал Орталық Азияның өзге елдерінде басып шығарса, қарсылығымыз жоқ деп отыр. Яғни, Қазақстанда қазақша аударып шығару үшін әуелі сол баспа құқығының мәселесін реттеу керек. Баспа құқығын беру үшін 3 мың еуро сұрайды. Одан кейін қазақшаға аударып, сатуына да болады. Тағы бір талап, аударған адам әр тарауын менімен ақылдасып аударса деп ойлаймын. Өйткені ішінде әр тілдегі дереккөзден алынған мәлімет бар. Оның бәрін дұрыс тәпсірлемесе, ғылымға қиянат болады», - дейді ол.

Ғалым елдегі меценаттардың спортқа бөлген көңілді ғылымға бөлмей отырғанына қынжылады.

«Мені қаржыландырса, өзім-ақ аударып, шығаруға болады. Олай деп отырғанымның да себебі бар. Қазақстанда спортшы Олимпиададан медаль алса, байытып тастайды. Мемлекеттің марапатын есептемегеннің өзінде атымтайлар алдына үйір-үйір жылқы салып беріп жатыр. Ал біздің ғылыми еңбектің жемісін арттағы ұрпақ жейді ғой. Спортшыларды қолдағандай елге пайдалы іспен айналысып жүрген ғалымдардың жобасына да қолдау білдірсе екен деп ойлайсың. Бұл монографияның негізгі мазмұнын әлем танып болды. Енді өз халқымызға, жас ұрпаққа танытуымыз керек. Оның үстіне Орталық Азияның қандай геосаяси ахуалда тұрғанын көріп отырсыздар. Әлем екі полярға бөлінген тұста, аумақтық тұтастықты сақтау күрделі мәселеге айналуы мүмкін. Біздің талпынысымыз сол қатердің алдын ғылым жолымен алудың қамы», - дейді тарихшы.

Серіктес жаңалықтары