Қазақстан Францияға жылқы етін экспорттайды

2 қараша 2023 12:34 / Новости Казахстана

Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанның Ақордадағы кездесуі алдында франциялық делегациямен өткен келіссөздің кейбір тұстарына тоқталды, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Кеше француздармен жылқы етін экспорттау жөнінде әңгімелестік. Өйткені Франция — жылқы етін тұтынатын ел. Қазір бізде 32 жеткізуші Жапонияға жылқы етін апарып жүр. Енді Францияға жеткізілім көлемін арттыру керек. Кеше француз делегациясына жылқы етінен дәм татқыздық. Оларға ұнағандай болды», — деді вице-премьер.

Вице-премьердің айтуынша, елімізде жылқы етінің өндірісі қарқын алып келеді.

«Етті жылқы тұқымдары негізінен батыста — Көшім және Мұғалжар нәсілдері. Қазір тәжірибелік стансалар базасында Ақтөбеде мал шаруашылығы институтының жеке филиалын ашпақшымыз. Ол филиал тек жылқы шаруашылығымен айналысады», — деді Серік Жұманғарин.

Серіктес жаңалықтары