Қазақстан Интерполдың «Күміс бюллетень» жобасын енгізбек

12 маусым 2024 15:00 / Новости Казахстана

Қазақстан Интерполдың «Күміс бюллетень» жобасын енгізбек. Бұл жайында Бас прокуратура жанындағы активтерді қайтару комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков Jibek Joly телеарнасы деректі фильмінде айтты. Оның атап өтуінше, аталған жобаның арқасында шетелдегі активтерді тиімді қадағалауға мүмкіндік туындайды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Егер бұған дейін адамға карточка қойылса, ендігі уақытта бұл карточка активтерге орнатылатын болады және де сол активті бүкіл әлем бойынша өзінің шараларымен індетіп отырады. Интерполдың бұл жобасы „Күміс бюллетень“ деп аталады. Ол біртіндеп енгізіледі және біз, Бас прокуратураның активтерді қайтару комитеті аталған жобаны жүзеге асыратын жұмыс тобында өзіміздің жеке мүшелігімізді алдық. Дәл қазір біздің өкіліміз Еуропада жүр. Еуропа кеңесі бізге барып, екі елдің — Швейцария мен Бельгияның активтерді қайтару жөніндегі тәжірибесін зерделеуге көмек көрсетті. Бүгінде шетелден қайтарылған активтерге қатысты цифр — шамамен 700 млн доллар», — деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Айта кетейік, ҚР Президентінің Телерадиокешені «Қайтарылуы тиіс» деп аталатын алғашқы деректі фильмін әзірледі.

Онда ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Әділет министрі Азамат Есқараев, Бас прокуратура жанындағы активтерді қайтару комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару процесі және қол жеткізілген нәтижелер жайында баяндайды.

Серіктес жаңалықтары