Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында “Жібек жолы” мен “Гишт-Куприк” өткізу пункттері ашылды
Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекарасында жаңғыртудан өткен “Жібек жолы” мен “Гишт-Куприк” өткізу пункттері қайта жұмыс істей бастады. “Жібек жолы” Түркістан облысында, ал “Гишт-Куприк” Ташкент облысында орналасқан, деп хабарлайды ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
Ашылу рәсіміне Қазақстанның қаржы министрі Мәди Такиев пен Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары – экономика және қаржы министрі Жамшид Кучкаров қатысты.
“Жібек жолы” арқылы 2024 жылы 11 млн-нан астам адам өткен
2024 жылы “Жібек жолы” өткізу пунктінен 11 млн-нан астам адам өткен. Нысан жөндеуге жабылған кезде жолаушылар басқа бағыттармен қатынауға мәжбүр болып, көршілес өткізу пункттерінің жүктемесі артқан. Енді екі ел арасындағы осы бағыт қайта ашылды.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Өзбекстан, Қытай және Түрікменстанмен шекарадағы тоғыз автомобиль өткізу пункті жаңартылып, іске қосылды. Биылғы он айда шекарадан өткен автокөлік саны 25 пайызға өсіп, 2 миллионға жетті. Ел бойынша кедендік төлемдер мен салық түсімі 4,3 трлн теңгеге жетіп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға артты.
Екі терминал салынып, көлік жолақтары алтыға дейін көбейді
“Жібек жолында” жалпы ауданы шамамен 10 мың шаршы метр болатын екі жолаушылар терминалы салынды. Бірі Қазақстанға кіретін, екіншісі елден шығатын жолаушыларға арналған. Көліктерді тексеру үшін ауданы 6 мың шаршы метрлік ортақ қалқа орнатылды.
Кіреберістегі қозғалыс жолақтарының саны екіден алтыға дейін көбейді. Жаяу жолаушылар мен автокөліктер бөлек бағытпен өтеді. Қарбалас кезеңде жаңартылған өткізу пункті тәулігіне 100 мың адамға дейін қабылдай алады.
Төлқұжат тексеруге 82 кабина мен 20 автоматты қақпа орнатылды
Терминалдарда төлқұжат тексеретін 82 кабина және 20 автоматтандырылған Q-gate қақпасы бар. Бұл жүйе паспорттық бақылау рәсімдерінің бір бөлігін электронды түрде жүргізуге мүмкіндік береді.
Кедендік бақылау үшін рентген аппараттары, жолаушыларды сканерлеуге және радиация деңгейін тексеруге арналған жабдықтар орнатылды. Жеңіл көліктер мен автобустарды тексеретін арнайы кешендер де іске қосылды.
Автобус турлары мен жолаушылар тасымалын дамыту көзделіп отыр
Жаңартылған пункт жаяу жолаушыларға, жеңіл автокөліктерге және автобустарға қызмет көрсетеді. Қаржы министрлігі өткізу пунктінің ашылуы автобус турларын ұйымдастыруға, халықаралық жолаушылар тасымалын дамытуға және Қазақстан арқылы өтетін транзиттік бағыттарды кеңейтуге мүмкіндік береді деп отыр.
“Жібек жолы” мен “Гишт-Куприк” пункттерінің бірлескен ашылуы екі мемлекет көшбасшыларының стратегиялық әріптестік пен одақтық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған саясатының жалғасып жатқанын айғақтайды”, – деді Мәди Такиев.
Рәсімге Қазақстан тарапынан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжанов және ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов қатысты.