Қазақстан Қашаған операторынан талап етіп отырған соманы 160 млрд долларға ұлғайтты

10 тамыз 2024 14:02 / Новости Казахстана
Фото: tengizchevroil.com/psa.kz/kbv.kz/freepik

Қазақстан тарапы Қашаған кен орнын игеруші алпауыт компанияларға қойған талап сомасын 150 млрд доллардан 160 млрд долларға дейін ұлғайтқан. Bloomberg-тің мәліметінше, Қазақстан операторлардан сыйбайлас жемқорлық мәмлелер бойынша қосымша 10 млрд доллар талап еткен, - деп хабарлайды Arbat.media.

Еске салсақ, Қазақстанның Қашаған кен орнын игеруші компаниялардан 150 миллиард доллар талап еткені туралы мәліметтер биылғы көктемде шыға бастаған. Оған дейін ел үкіметі операторлардан 16,5 миллиард доллар өндіру жолында әрекет етіп келген. Кейін сома күрт өсіп, үстіне 138 миллиард доллар қосылған.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Смайылов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында талап сомасын 150 миллиард долларға дейін көтерудің астарында не жатқаны туралы пайымын айтқан еді. Оның айтуынша, бастапқы 15 миллиард долларды бірнеше талаппен түсіндіруге болады. Біріншісі — қоршаған орта, екіншісі — өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК) бойынша Қазақстан өтегісі келмейтін шығындар.

«Неге талап-арыз сомасы $138 миллиардқа өсті? Менің ойымша, бұған бірнеше факторды атауға болады. Біріншіден, Президенттің 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі есе арттыру керек деген тапсырмасы бар. …Сондықтан 138 миллиард долларды талап ету Президенттің ЖІӨ-ні ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес келеді», — дейді сарапшы.

Қазақстан тарапы «Қашаған жобасы операторлар уәде еткендей іркіліссіз жұмыс істеген болса, кейінгі 20 жылда ел қазынасына 138 млрд доллар кіріс түскен болар еді» дейтін уәжді алға тартып отыр.

«Мұнайдың қазіргі бағасы мен талап-арыздың көлеміне қарайтын болсақ, бұл шамамен 250 миллион тонна мұнай дегенді білдіреді. Ал кен орнындағы қазiргi өндiрiстi ескере отырып, бұл Қашағандағы шамамен 15-20 жылдық өндiрiс көлемі деп болжауға болады. Мердігер компаниялар 2005 жылы коммерциялық өндіріс болады деп уәде еткен, содан кейін 2008 жылға шегерді, одан соң 2013, сосын 2016 жылға ауыстырды. Бұл тұрғыда аталған сома соның өтеміне сәйкес келеді. Яғни, 20 жыл өндіру дегеніміз 250 миллион тонна және бұл шамамен 138 миллиард доллар болады», — деп топшылайды Асқар Смайылов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның Қашаған мұнай кен орнын игеруші халықаралық мұнай компанияларынан 150 млрд доллар талап етуіне қатысты пікір білдіріп, бұл — таза коммерциялық дау екенін айтқан болатын. Оның пайымынша, сөз өнімді бөлу туралы келісімді жүзеге асыру аясындағы республиканың құқықтары жайында болып отыр. Барлық ақпарат құпия, келісу, бекіту, сот шешімі бойынша ресми процедуралар жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары