Ақтау қаласының прокуроры Алматы әуежайында ұсталды
Ақтау қаласының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Ерболат Әбдіров Алматы әуежайында ұсталды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Оқиға ол демалыста жүргенде, Астанадан Алматыға ұшып келген кезде болды. 48 жастағы Ерболат Әбдіровті полицияның желілік бөлімінің қызметкерлері ұстады. Прокурор масаң күйде бұзақылық жасағаны үшін құрықталды. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі (алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүру) және ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі (қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, жеке тұлғаларды қорлау) бойынша хаттама толтырылды.
Ерболат Әбдіровтың прокуратура органдарында 20 жыл жұмыс істегені белгілі болды. Маңғыстау облысының прокуратурасы осы факт бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын, оның нәтижелері бойынша қызметкерге қатысты тиісті шаралар қабылданатынын хабарлайды.