Қазақстан, Ресей және Қырғызстан бірлескен арнайы операция жүргізді
Қазақстан, Қырғызстан және Ресей Ішкі істер министрліктерінің киберполициясы бірлесіп өткізген операция нәтижесінде ТМД елдерінің азаматтарына қатысты интернет-алаяқтық жасаған трансұлттық қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Arbat.Media.
ІІМ мәліметінше, 8 қыркүйекте күдікті Бішкек қаласында ұсталған.
"Ол жалға алған пәтерді тінту кезінде 32 слотты сим-бокс, үшінші тұлғаларға рәсімделген 70-тен астам SIM-карта, IP-ді алмастыруға арналған жабдықтар, компьютерлер мен телефондар тәркіленді. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті қылмыстық әрекеті үшін аптасына 500 АҚШ доллары көлемінде қаражат алып отырған", - делінген хабарламада.
Мұндай құрылғылар қылмыскерлерге банктер, мемлекеттік органдар және маркетплейстер атынан жаппай фрод-қоңыраулар мен хабарламалар жіберуге мүмкіндік береді. Олардың көздегені – азаматтардың ақшасын және жеке деректерін ұрлау.