«Қазақстан халқына» қоры су тасқыны салдарын жоюға 10 млрд теңге бөледі

9 сәуір 2024 14:15 / Новости Казахстана

«Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккендерге көмек мөлшерін 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтады. 1-30 сәуір аралығында заңды және жеке тұлғалардан қордың шоттарына түскен барлық қайырымдылық қаражаты зардап шеккендерге үй салуға аударылады. 9 сәуірдегі жағдай бойынша қор шотына 970 млн теңге түсті. Қор түсткен қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауды қамтамасыз етеді. Елді мекендерді, құрылыс орнын таңдау және жер учаскелерін беру, құрылыс компаниялары атынан мердігерлерді айқындау жөніндегі жұмыс құрылысқа тапсырыс беруші ретінде әрекет ететін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізіледі, - деп хабарлайды Arbat.media.

Қор ауылдық жерлерде 200 үй салу үшін 5 млрд теңге бөлу туралы жариялаған болатын. Апаттың ауқымы мен оның салдарын ескере отырып, қамқоршылық кеңесі осы мақсаттарға барлығы 10 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады.

«Қор жиналған ақша есебінен 430-дан астам үй салуға болады. Жиналған қаржы артқан жағдайда салынатын үйлер саны артады деп күтілуде. Су тасқыны салдарынан қираған тұрғын үйді қалпына келтіру қажеттілігі анағұрлым жоғары екенін ескере отырып, «Қазақстан халқына» қоры жанашыр азаматтар мен заңды тұлғаларды Мемлекет басшысының зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қаражат жинау жөніндегі бастамасын қолдауға шақырады», - дейді "Қазақстан халқына" қорынан.

 

Серіктес жаңалықтары