Қазақстан ЖЭО салу үшін Ресейден несие алуы мүмкін

24 мамыр 2024 12:12 / Новости Казахстана

ҚР Энергетика министрлігі Қазақстан мен Ресей арасындағы Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу келісімін ратификациялау туралы құжат жобасын жариялады. Осы келісімге сәйкес, ресейлік тарап бұл жұмысты жүргізуге жеңілдікпен қарыз беру мүмкіндігін қарастырады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Жобаны іске асыру бойынша Қазақстан тарапынан «Самұрық-Энерго» және Ресей тарапынан «ИНТЕР РАО — Экспорт» жауапты болып белгіленген, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Екеуі де мамандандырылған үлестес компаниялар құруға құқылы.

Тараптар ЖЭО құрылысының барлық процесін үш кезеңге бөлді.

Бірінші кезең ЖЭО-ны кейіннен көмірден табиғи газға ауыстыру мүмкіндігін ескеріп, үш жобаның әрқайсысы бойынша қажетті сараптамалар жүргізіп, жобалау құжаттамасын әзірлеуді қамтиды.

Бұл кезең «Самұрық-Энерго» есебінен жүзеге асады.

Екінші және үшінші кезеңдерде — қажетті жабдықтарды жеткізу, генерациялайтын жабдықтар мен газ тазарту жүйелерін салу-монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Сонымен қатар, қазақстандық тарап Ресей экспорттық ұйымнан «Самұрық-Энерго» кепілдігімен және тапсырыс беруші құқықтарының кепілімен ЖЭО салуға несие ала алады.

«Ресей тарапы Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес, экспортты мемлекеттік қолдау тетіктерінің талаптарын сақтай отырып, ресейлік қаржыландыру ұйымдары ұсынатын несиелер бойынша ресейлік өндірістің жоғары технологиялық өнімдерін, келісімшарттар бойынша жұмыстар мен қызметтерді жеткізуді қаржыландыру мақсатында жеңілдетілген (субсидияланған) пайыздық мөлшерлемелерді ұсыну мүмкіндігін қарастырады», — деп жазылған келісімде.

Энергетика министрлігі ЖЭО салу жұмыстары ратификациялау рәсімі аяқталғаннан кейін ғана басталатынын атап өтті.

Осыдан кейін ғана жобаларды қаржыландырудың шарттары мен егжей-тегжейі белгілі болады.

Серіктес жаңалықтары