Қазақстанда босқын мәртебесін беру ережелері өзгерді

13 тамыз 2024 11:00 / Новости Казахстана
Фото: gov.kz

ҚР Үкіметі 2024 жылғы 7 тамыздағы қаулысы арқылы босқын мәртебесін беру, ұзарту, қайтарып алу және тоқтату ережелеріне өзгерістер енгізді. Жаңа түзетулерде босқын деп тану шешімін жергілікті атқарушы орган шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде тапсыратыны жазылған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл ретте, өтінім беруші босқын деп тану шешімнің көшірмесін жібергеннен кейін 3 ай ішінде жергілікті атқарушы органға босқын куәлігін алуға келмесе және осы адамның өзі көрсеткен мекенжай бойынша келмейтіні туралы хабарлама келіп түссе немесе адамның Қазақстаннан тыс жерге кетуі туралы және басқа да анық ақпарат алынса, жергілікті атқарушы орган босқын мәртебесін беру туралы шешімнің күшін жояды, - деп жазады Kazinform агенттігі.

ҚР аумағында босқынның тұрғылықты жерін ауыстырғанда оның жеке ісінің материалдары босқынды есепке қоюдың жаңа орны бойынша жергілікті атқарушы органға жіберіледі. Егер пана іздеп жүрген адамға заңның 12-бабында көзделген негіздерге сәйкес босқын мәртебесін беруден бас тарту жағдайында жергілікті атқарушы орган бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде бас тарту себептерін және қабылданған шешімге шағымдану тәртібін көрсете отырып, шешімнің көшірмесін осы адамға табыстайды немесе жолдайды, оған қоса уәкілетті орган мен ішкі істер органдарын хабардар етіп, қабылданған шешімнің көшірмесін жібереді.

Мерзімді ұзарту кезінде жергілікті атқарушы орган босқын куәлігінің, тұруға ықтиярхаттың (бар болса), жол жүру құжатының болуын тексереді, отбасы жағдайындағы, отбасы құрамындағы, баратын мекенжайындағы өзгерістер туралы мәліметтерді нақтылайды және бұл өзгерістерді босқынның жеке ісіне қосады.

Босқын мәртебесін ұзартудан бас тартылған жағдайда жергілікті атқарушы орган қабылданған шешімнің көшірмесін ұсынып, уәкілетті орган мен ішкі істер органдарын 5 жұмыс күні ішінде хабардар етеді, сондай-ақ өтінім берушіге қабылданған шешім және босқын куәлігін жарамсыз деп тану туралы хабарлама жібереді.

Жергілікті атқарушы орган босқын мәртебесінен айыру туралы шешім қабылданған күннен бастап, 5 жұмыс күнінде шешімнің себептерін көрсетіп және оған шағымдану тәртібін түсіндіріп, көшірмесін тапсырады немесе жібереді, сондай-ақ уәкілетті орган мен ішкі істер органдарын хабардар етеді.

Қаулы 2024 жылы 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Серіктес жаңалықтары