Қазақстанда жаз мезгілінде ауа райы қандай болады?
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елімізде биылғы жазда ауа райы қандай болатынын айтты, деп хабарлайды Arbat.media.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, маусымда Қазақстанның басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы қалыпты деңгейде болады: солтүстікте және орталықта 17-20 градус, батыста 23-25 градус шамасында. Ал оңтүстік-батыс пен еліміздің қиыр оңтүстігінде ауа райы әдеттегіден ыстық болады: жазық өңірлерде орта есеппен 24-28 градус, ал ең жоғары температура 45 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Батыс пен солтүстік-шығыста жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады деп күтілсе, басқа аймақтарда жауын-шашын мөлшері негізінен нормадан аз болады.
"Шілдеде ауа температурасы қалыпты деңгейде болады, тек шығыс пен оңтүстік-шығыста климаттық нормадан 1 градус жоғары болады деп күтіледі. Жауын-шашын мөлшері негізінен көпжылдық нормалар шегінде болады, тек еліміздің қиыр солтүстік-батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында жауын-шашын мөлшері нормадан артық болады", – деді Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында.
Тамыз және қыркүйекте мол жауын-шашын күтілмейді. Ауаның орташа айлық температурасы еліміздің басым бөлігінде климаттық нормадан 1 градусқа жоғары болады.
Министр жазға арналған бұл болжамның алдын ала жасалғанын, ол әлі де нақтыланып, толықтырылатынын атап өтті.