Қазақстандық ірімшік экспортқа шығарылады

12 қазан 2024 15:00 / Новости Казахстана
Фото: Аягөз Ізбасарова / Kazinform

Ақтауда Қазақстан мен шетелдік ірімшік өндірушілердің қатысуымен форум өтіп жатыр. Халықаралық шараға Франция, Нидерланды және Ресейден мамандар келген. Әлемдік деңгейдегі сарапшылар, технологтар мен ғалымдар сүт өнімдері, балмұздақ және ірімшік өндірісіндегі жаңа технологиялар мен озық әдістерді талқылауда, - деп хабарлайды Arbat.media.

Қазақстан ірімшік өндірушілер гильдиясының президенті, форумды ұйымдастырушы Александра Григолованың айтуынша, еуропалық тәжірибе Қазақстандағы мамандардың қателікке ұрынбай, дұрыс бағытта дамуына жол ашпақ, - деп жазады Kazinform агенттігі.

– Біз былтыр Францияда өткен «Le Mondial du fromage 2023» халықаралық ірімшік байқауына қатысып, күміс және қола медаль жеңіп алған болатынбыз. Содан бері шағын өндірушілерді біріктіруші локомитив бола алатынымды түсіндім. Біз бұл саланы енді игеріп жатырмыз. Сондықтан дұрыс бағытта дамығымыз келеді. Форумның негізгі мақсаты – біздің кәсіпкерлерді шыңдау үшін француз технологиясы мен сарапшыларын тарту, - дейді Александра Григолова.

Халықаралық форумда төрт түліктің сүтінен өндірілетін өнімдер мен ірімшіктерді экспортқа шығару жолдары қарастырылуда. Шара екі күнге жалғасады. Оның аясында ірімшіктер байқауы өтеді. Сарапшылар 300-ден астам өнімнің арасынан үздіктерін таңдайды.

Бұл форум осы салаға енді келген кәсіпкерлер мен ірі өндірушілердің бір-бірімен тәжірибе алмасуы үшін ұйымдастырылған. Ірімшік өндірісі Европада жақсы дамыған. Қазақстанда да сүт өнеркәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер баршылық. Біз ірімшіктердің дәмін татып көріп, сапасына жоғары баға беріп отырмыз, -дейді Халықаралық ірімшік жасаушылар гильдиясының президенті Ролан Бартелеми.

Серіктес жаңалықтары