Қазақстандық облигацияларға сұраныс ұсыныстан 4 есе асып түсті

1 қараша 2024 14:00 / Новости Казахстана
Фото: Тимур Дюсекеев/ Kazinform

Лондонда өткен «Қазақстандық акциялар нарығы күні» панельдік пікірталасы кезінде сөйлеген сөзінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті. Қазақстанның әлемдік қор индекстеріндегі позициясын нығайту және инвесторларды тарту мақсатында KASE қор биржасы Deutsche Bank және Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен британдық аудиторияға қазақстандық капитал нарығына кірудің артықшылықтарын ұсынды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Қазақстандық қор нарығына әсіресе мемлекеттік компанияларды ауқымды жекешелендіру қарсаңында инвесторларды тарту Қазақстанның MSCI және FTSE индекстерінде 2017 жылы алынған Frontier Markets санатынан (шекаралық нарықтар) Emerging Markets (дамушы нарықтар) мәртебесіне көтерілуге көмектеседі, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова жиналғандардың назарын Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығына аударды, бұл жақында тәуелсіз облигацияларды орналастыру кезінде расталды. Оның айтуынша, мұндағы сұраныс ұсыныстан төрт есе асып түсті.

Ол тұрақты экономикалық өсім, мемлекеттік қарыз төмендігін, айтарлықтай резервтер және жақында Moody's агенттігінің Қазақстанның егемен рейтингін «Тұрақты» болжамымен Baa1-ге дейін жоғарылатуын атап өтті. Бұл – ол тағайындалғаннан бері ел үшін ең жоғары көрсеткіш.

Әбілқасымова Қазақстанның әлемдік қор нарықтарында, әсіресе, «Шекарадағы нарықтар» санатынан «Дамушы нарықтар» мәртебесіне өтудегі өз мәртебесін жақсартуға бағытталған күш-жігері туралы айта келе, бірқатар негізгі проблеманы атап өтті.

«Біз Қазақстанның дамушы нарық мәртебесін алуына кедергі келтіретін кемшіліктер мен олқылықтарды анықтау үшін жыл сайын мәртебемізді жақсарту үшін арнайы жол картасын қабылдаймыз. Сапасы жағынан бәрі өте жақсы болып көрінеді, бірақ әлі де біраз жұмыс істеу керек», - деді агенттік басшысы.

Қазақстан пысықталу үстіндегі кейбір кемшіліктерді қоспағанда FTSE және MSCI қор индекстері қызметтерінің талаптарын толықтай дерлік сақтап келеді.

«FTSE үшін біз қазір жұмыс істеп жатқан есеп айырысу циклін (қаржы нарықтарында мәмілені аяқтау үшін қажетті уақыт кезеңі – ред.) қоспағанда, барлық дерлік міндетті талаптарды орындап келеміз», - деп атап өтті басқарма төрағасы.

«Дамушы нарықтар үшін MSCI белгілеген сапалық көрсеткіштердің көпшілігі де орындалды. Дегенмен, соңғы бағалау барысында капитал шотын ырықтандыру, бағалы қағаздарды несиелеу, қысқа мерзімді сату және институционалдық тұрақтылық сияқты бірнеше салаларды жақсарту қажет деген қорытындыға келдік», - деп қосты ол.

«Сандық көрсеткіштерге келетін болсақ, тіркелген компаниялардың ең аз саны, ең төменгі нарықтық капиталдандыру сияқты талаптардың барлығы дерлік орындалды», - деді М. Әбілқасымова.

«FTSE-ге келетін болсақ, капиталдандыру, еркін айналым және өтімділік талаптарына сәйкес келетін жаңа «көгілдір фишкаларды» (үлкен капиталдандырылуы және жоғары өтімділігі бар ірі компаниялардың акциялары – ред.) бағалау қажет», - деп атап өтті ол.

Бұл тұрғыда Әбілқасымова алдағы уақытта мемлекеттік компанияларды жекешелендірудің бағдарламасы ауқымды екенін атап өтті, оған шетелдік инвесторлардың қатысуы қажетті өтімділікті енгізу және сауда көлемін ұлғайту арқылы қазақстандық қор нарығының бәсекелестік артықшылықтарын нығайтуға мүмкіндік береді.

«Болашақта Үкімет пен бақылаушы органдардың қолға алатын негізгі шаралары, әрине, ірі мемлекеттік компанияларды жекешелендіру бағдарламасы болатын шығар. Бағдарламаны Президентіміз бекітті. Ол өте қатал. Оның құрамына жүздеген компаниялар кіріп отыр», - деп атап өтті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы.

Серіктес жаңалықтары