Қазақстандық Ұлттық ұлан офицері Ресейде баланы ажал аузынан құтқарып қалды

13 маусым 2024 3:41 / Новости Казахстана

ҚР Ұлттық ұлан офицері баланы ажал аузынан құтқарып қалды. ҚР ІІМ Ұлттық ұлан офицерінің қырағылығы мен ептілігі Ресейде болуы мүмкін қайғылы оқиғаның алдын алды. 8 маусымда сағат 19:30 шамасында подполковник Жандос Нұрахметов баласымен Кострома қаласының Галичская көшесінде серуендеп жүргенде, №51 үйдің 2-қабатынан 4-5 жастағы баланы байқайды. Ол терезеден ойыншық, киім, сөмкелерді лақтырып жіберді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Polisia.kz жария етті, - деп жазады Kazinform агенттігі. 

«Мен өтіп бара жатқан тұрғындардан терезе алдында жалғыз отырған бала мен оның ата-анасы туралы сұрай бастадым. Балаға ішке қарай кір деп, қауіпті түсіндірмек болдым. Алайда балақай құлақ аса қоймады. Сол маңда тұратын бір әйел келіп, бұл баланың денсаулығында кінәраты бар екенін айтты. Осы уақытта бала терезе арқауына асылып, сыртқа шығуға ұмтылды. Оның құлап кететінін сезіп, бар даусыммен айқайлай бастадым. Үй ішінде ересек адам болса, дауысты естісін деп. Алайда ойланып, біреудің шыққанын күтіп тұратын артық уақыт болмады. Дереу құбыр арқылы 2-қабатқа көтеріліп, баланы ақырын терезеге сүйреп апардым. Баламен бірге пәтерге кіріп, үйде ешкім жоқ екенін түсіндім. Мен кетсем, тағы қайталап жүрер деп балақайды көшеге алып шығып, ата-анасын жақсы танитын көршілеріне тапсырдым», – дейді офицер.

Жандос Нұрахметов бүгінде Ресей Федерациясының Кострома қаласында Кеңес Одағының маршалы С.К.Тимошенко атындағы радиациялық-химиялық және биологиялық қорғау әскери академиясының тыңдаушысы. Ұландық офицер үйленген, бір жарым жасар ұлы бар.

Қазір Қазақстаннан жоғарыда аталған академияда алты курсант, екі тыңдаушы және бір адъюнкт білім алып жатыр. 2022 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Алматы облысының Қаракемер кентіндегі 6654 әскери бөлімінен аталған білім ордасына оқуға түскен. Дәріс бір айдан кейін аяқталады.

 

Серіктес жаңалықтары