Қазақстандықтар Түркияға ақша жіберуді азайта бастады
ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, биыл сәуірде отандастарымыз халықаралық ақша аудару жүйесі арқылы Түркияға 12,6 млрд теңге аударған, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға аз. Ал, биыл наурызда көрсеткіш 15%-ға қысқарған, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Өткен жылдағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, биыл әр ай сайын аударылған қаражаттың азайғаны байқалады.
Сәйкесінше, биыл қаңтар-сәуірдегі көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20% төмендеген.
Сайып келгенде бұл құлдырау қазақстандықтардың шетелге ақша аударымының жалпы көлеміне айтарлықтай әсер етті.
Биыл сәуірде көрсеткіш 65,9 млрд теңгеге жетіп, жылдық есеп бойынша 14%-ға төмендеген.
Биылғы 4 айдағы аударымдардың жалпы сомасы — 236,5 млрд теңге.
Бұл — 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға аз.
Айтпақшы, тек Түркияға ғана ақша аударымы азайып жатқан жоқ. Мәселен, Өзбекстанға 4 айда 47,7 млрд теңге, (-8% ж/ж), Грузияға 19,8 млрд теңге (28%-ға төмен) аударылған.
Керісінше, қаңтар-сәуір айларының нәтижелеріне сүйенсек, Ресей Федерациясына аударылған қаражат көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға өскен.
Былтыр төрт айда 69,2 миллиард теңге аударылса, биыл көрсеткіш 79,5 миллиард теңгені құрап отыр.