Қазақстандықтар ұялы байланыс қызметін пайдалану үшін биометриядан өтуге тиіс
Енді қазақстандықтар ұялы байланыс қызметін пайдалану үшін биометриядан өтуге тиіс. Бұл бірінші кезекте өзгелердің құжатын пайдалану арқылы ұялы телефон нөмірін тіркейтін алаяқтарымен күрес мақсатында қолға алынып отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.
Әзірге бұл талап ресми бекітілмеді. Тек «Ашық Үкімет» электронды порталында ұсыныс ретінде жарияланған.
Талқылау 10 қыркүйекке дейін жалғасын табады. Бұл ретте жауапты министрлік құқық қорғау органдары мен ұялы байланыс операторларының, қарапайым халықтың пікіріне құлақ асамыз деп отыр. Қандай да бір нөмірге алаяқтар шабуыл жасағанына күдік туындаса, абоненттің биометриялық мәліметі қаралады. Сондықтан егер ұсыныс қабылданса, қазақстандықтар СИМ-картасын қайта тіркеуден өткізіп, биометриялық мәліметтерін енгізіп қоюына болады.
Азамат Серіктаев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі басқармасының бас маманы:
— Қазір әлемде цифрландыру мәселелері қарқынды дамып жатыр. Осыған байланысты абоненттік құрылғылар біздің өміріміздегі ерекше орын алатын девайстардың біріне айналды. Біздің еліміздегі операторларға көптеген онлайн сервис қолжетімді. Еліміздің азаматтары сатып алынған СИМ-карталарын онлайн қызмет арқылы өз атына тіркей алады.