Қазақстандықтардың зейнетақысы қалай өседі?

19 маусым 2025 14:12 / Новости Казахстана

Жыл басынан бері қазақстандықтарға 1,7 трлн теңгеден аса зейнетақы төленді, деп хабарлайды Arbat.Media. 

Соның ішінде базалық зейнетақы төлеуге 564,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 1 трлн 181,2 млрд теңге бөлінген. 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 481 мың адам.

"2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 502 теңге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері 95 814 теңге, базалық зейнетақы мөлшері 47 688 теңге болды", - деп жазылған хабарламада.

Президенттің тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ең жоғары 120 пайызға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылып келеді.

"2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65 пайызынан 70 пайызына дейін артты, осылайша 32 360 теңгеге жетті, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейі бойынша 105-тен 110 пайызға дейін артып, 50 851 теңгеге жетті", - деп жазылған хабарламада.

Серіктес жаңалықтары