Қазақстанның 1 432 ауылында мобильді интернет жоқ

14 желтоқсан 2023 17:24 / Новости Казахстана

Қазақстанның 1432 ауылында мобильді интернет жоқ, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек айтып берді, деп жазады Kazinform.

Министрлік атап өткендей, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елде 6 406 елді мекен бар, оның 6 290-ы ауыл мәртебесіне ие. 

Қазіргі уақытта 116 қала мен 4 858 ауыл 3G (2 813 ауыл) және 4G (2 045 ауыл) мобильді технологиялары бойынша Интернетке қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ ADSL технологиясы бойынша Интернетпен 1 950 ауыл және талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясымен 2 606 ауыл қамтамасыз етілді. 

«Бүгінгі таңда мобильді интернетсіз 1432 ауыл қалып отыр, оның ішінде 504 ауылды 2023 жылдан бастап спутниктік жүйелер арқылы қамтамасыз ету мәселесі пысықталуда», - деді Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінде өткен отырысында Асхат Оразбек.

Вице-министр Үкіметтің «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасын бекіткенін, оның аясында 2024-2027 жылдары талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы 3 мыңнан астам ауылды, оның ішінде мобильді интернеті жоқ 928 ауылды интернетпен қамту жоспарланғанын атап өтті. Жалпы ұлттық жобаны іске асыру үшін 1 499,9 млрд теңге қарастырылған. 

Серіктес жаңалықтары