«Қазақтың отбасы фольклоры» түрік тіліне аударылды
Тарихы мен тағдыры тоғысқан, түбі бір бауырлас ел Түркия мен Қазақстан арасындағы тығыз мәдени байланыстар аясында, Түркия Республикасының құрылғанына 101 жыл толуына орай Президенттің Ұлт кітапханасында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен және «Көк ту» қазақ мәдениеті қоғамының ұйымдастыруымен М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының директоры, профессор Кенжехан Матыжановтың «Қазақтың отбасы фольклоры» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Рәсімге Қазақстан елшілігінің атташесі Дінмұхаммед Өмірәлі, Президент кітапханалары басқармасының төрағасы Айхан Туглу, профессор-фольклортанушы Өзкул Чобаноғлу, ғалымдар мен студенттер және Анкарадағы қазақ диаспорасы өкілдері қатысты, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы
Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, «Қазақтың отбасы фольклоры» кітабы - отбасылық ғұрыптардың тарихы, терминологиялық жүйесі, поэтикалық құрылымы этнографиялық байланыстар типологиясы деңгейінде қарастырылған 6 бөлімнен тұратын құнды дүние. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі нұсқалардан бастау алатын қазақтың отбасы фольклоры түрік тілді аудиторияға жол тартты. Кітапты қазақшадан түрікшеге аударған - доктор Халил Четин.
«Бұл еңбек тек қазақ отбасы фольклоры емес, түркі халықтарының да фольклор кітабы. Мұндай құнды шығармалар екі ел арасындағы мәдени байланысты дамытады», - дейді Президент кітапханалары басқармасының төрағасы Айхан Туглу.
«Рәсімде Президенттік Ұлт кітапханасына М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты атынан 500-ден астам кітап тарту етілді. Институт директоры Матыжанов Президенттік Ұлт кітапханасына «Қазақ фольклорының 100 томдығын» да сыйға тартқандарын атап өтіп, «Біз бүгін Президенттік кітапханаға қазақ фольклорының 100 томдығын алып келдік. Мұндай 100 томдық фольклор шығарған әлемдегі бірінші ел – Қазақстан. Дайындап, жариялаған М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты. Бұл 100 томдық еңбек - аталарымыздың мирасы» деді», деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.