Тілді сылтау етіп, қоғамға жік салмау керек — Мақсат Толықбай
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай тілге қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Arbat.Media.
Қазақ тілінде сөйлейтін ортаның үлесі көбейді дейді. Алайда ол Жаңа Конституция жобасындағы тіл мәртебесі туралы бапты өзгертуді қолдамайтынын айтты.
«Қоғамда талқылануы керек. Өйткені тіл – қазақтың жаны. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп айқын жазылған», – дейді Толықбай.
Депутат тілге қатысты ұрандатудың қажеті жоқ деп есептейді.
«Бізге айла керек. Ұрда-жық ұранға жол жоқ. Екінші, үшінші тармақ (Конституцияда) әзірге тұра берсін. Өзімізге жақсы. Ертең «біздің құқымыз бұзылып жатыр» деп шағымданса, Конституцияда тұр ғой, құқық бұзылмады деп айтамыз. Бір күні өзінен өзі тот басып түсіп қалатын жағдайға жеткізуіміз керек қой. Ұрандатудың қажеті жоқ», – дейді Мақсат Толықбай.
Естеріңізге сала кетейік, 31 қаңтарда үкімет сайтында кіріспе, 11 бөлім және 95 баптан тұратын жаңа Конституция жоба жарияланған.
Алайда жобада тіл туралы бап өзгеріссіз қалған. Қазір желіде жұрт Конституциядағы 9 баптың, 2 тармағындағы орыс тілін алып тастауды талап етіп жатыр.