Қоғамдық тамақтану: 10% бен алдын ала депозитке тыйым салынуы мүмкін

6 қыркүйек 2024 11:23 / Новости Казахстана
ФОТО: КТК

Қоғамдық тамақтану орындарда қызмет көрсету үшін алынатын 10 пайыздық қосымша ақы мен алдын ала сұралатын депозитке тыйым салынбақ. Сауда министрі кафе мен мейрамхана қонақтарынан талап етілетін төлем «орынсыз» деп санайды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.

Себебі: қосымша пайыз онсыз да тамақ пен сусынның бағасына енгізіліп қойған. Сондықтан оған екі мәрте төлеудің керегі жоқ, деп астын сызып айтты Арман Шаққалиев. Қазір тиісті заң жобасы талқыланып жатыр. Алдағы уақытта еліміздегі ішкі сауда ережесіне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Бастапқыда бұл бағытта жан-жақты талқылау ұйымдастырылып, шамамен қазан айына қарай нақты шешім қабылданады. Министр Шаққалиев бұл түзетулер бизнес өкілдері тарапынан қолдау таппайтынын да болжап отыр.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

— Әлбетте, бұл өзгерістерге кәсіпкерлердің қарсы шығатыны анық. Себебі, олар неге қосымша ақша табудың мүмкіндіктерінен айырылуымыз керек деп ойлайды. Бұл қалыпты көзқарас. Бизнес өкілдерімен диалог жүргіземіз. Біз нақты ережелерді анықтағымыз келеді. Яғни бұл қай кезде қажет саналады немесе артық талап па? Егер азаматтарға қызмет көрсету ұнаса, шайпұл ретінде ақшалай сыйақы беру өз еркінде. Депозитке қатысты айтсам, егер мейрамхананың сыртында адам басына осындай баға деп жазылса және сіз оған кірсеңіз, демек, сіз ол ережені қолдадыңыз деген сөз.

Серіктес жаңалықтары