Қызғалдақтың отаны – Голландия емес, Қазақстан

15 наурыз 2024 14:34 / Новости Казахстана

Қызғалдақтың отаны – Голландия емес, Қазақстан. Көктем келе көңіл өсіретін жұпарлы гүлдің туған жері асқақ Алатаудың баурайы екені ғылыми дәлелденген. Мұны бізге сарқандық бағбан Бауыржан Бөлегенов айтып берді. Ол зайыбымен бірлесіп, 30 мыңға жуық голландиялық қызғалдақты баптап өсірген, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Бағбанның айтуынша, 10 млн жылдан аса уақыт бұрын Тянь-Шань тауының етегінде бас киім пішіндес ерекше әдемі гүл пайда болған. Осы жерден бастау алған қызғалдақ гүлі бүкіл әлемге тарады. Қазір әлемде қызғалдақтың 3 000-нан аса түрі кездеседі. Олардың басым бөлігі – Қазақстан қызғал­дағының тұқымы. Қазір бұл гүл қай мерекенің де сәніне айналған. Қазақы түсінік бойынша қызғалдақ – көктемнің, жаңа тіршіліктің бір белгісі. Елімізде өсетін қызғалдақтың 18 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген.

Кәсіпкер өзінің бұл ісіне 6 млн тең­геге жуық жеке қаражатын жұм­саған. Бүгінде жылыжайында қызыл, сары, қызғылт, ақ, түрлі түсті, пион тәріздес, шашақты және қос түсті қызғалдақтың сан алуан түрі көз қуан­тып, көңіл жадыратады. Жылы­жай­­да «көктем аруының» 14 түрін жайқалтып отыр. Осы бір қарапайым еңбек адамының тынымсыз тіршілігі – көпшілікке үлгі. Көктем мерекесі дегенде, ең алдымен, ойымызға әсем де нәзік гүл шоқтары оралады, әсіресе қызғалдақтың орны бөлек.

«Мен неге осы өзімізде жақсы өсетін қызғалдақтарды алыстан әке­ле­міз деп ойладым. Оны сырттан тасымалдағаннан кейін ол гүлдің бағасына да, сапасына да айтарлықтай әсер етеді. Менің қызғалдақтарым ешқайдан әкелінген жоқ, бақшамда өсіп тұр, демек олардың гүл шоқтары да әл­де­қайда ұзағырақ тұрады», дейді Б.Бөлегенов.

Өкініштісі, бұл – маусымдық жұ­мыс. Дегенмен оған қарамастан әйелі екеуі жайқалған жылыжайдан алысқа ұзағысы келмейді. Өзінің негізгі жұмысы бар болғандықтан қысқы уақытты пайдалы әрі қызықты өткізу ниетімен осы істі қолға алыпты. Болашақта да гүл өсірумен айна­лысуға ниетті.

Жалпы, Алматыдан бастау алған қыз­ғалдақтар батысқа жиі ұзатыл­ған. Алдымен Парсы жерінде, кейін Түркияда ерекше гүлдер егіле бастады. Түркияда олар алғаш рет кәсіби түрде таңдалды. Онда қызғалдақтарға «лале» деген атау берілген. Осыдан кейін түрік елінде «Лале» есімі жиі қойылып, танымалдыққа ие бол­ған. Еуропаға қызғалдақ тұқымы алғаш рет 1554 жылы әкелініп, «Вена» дәрілік өсімдіктер бағына отыр­­ғы­зылған. Ал «қызғалдақтар елі» атанып кеткен Голландияға ерекше гүлдер 1570 жылы жеткен. Осы кезден бастап Еуропада нағыз «қызғалдақтар маниясы» басталады. Оны кәсіпкер гүл шаруасын бастамас бұрын әбден зерттеген екен.

Алғаш рет қолға алып, гүл өсіріп отырған Бауыржанға зайыбы Рания көмектеседі. Егер өнімнің өтімі көңілдегідей әрі қолайлы болып, тұтынушылары еселенсе, онда келесі жылы қызғалдақ өсіруді жалғастырып, көлемін бірте-бірте 150 мың данаға жеткізбекші.

Қазірдің өзінде тұрғындардан ұсыныс көптеп түсіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары