Резервтегі алғашқы әскери құрама 2025 жылдан бастап құрылады
15 қараша күні Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Құжатты еліміздің Қорғаныс министрлігі әзірледі. Былтыр желтоқсанда Мәжіліс қарауына енгізілген осы заң жобасын депутаттар жұмыс тобының отырыстарында егжей-тегжейлі талқыдан өткізді. Осы орайда депутат Ермұрат Бапи бұл құжаттың негізгі мақсатына қатысты түсінік берді.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ, егер де елімізге әлдебір қатер төнген жағдайда, бұрынғыдай мобилизацияға шақырып, одан кейін әскерге шақырылған азаматтың киім-кешегін беріп, оларды дайындықтан өткізу, қару-жарақпен қамтамасыз ету қадамдары тым ұзақ процесс. Ал резервтегі әскерлер - бұл әскердің жаңа түрі. Олар белгілеген мерзімде жауынгерлік дайындықтан өтіп тұрады. Тұрақты түрде тиісті оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылады. Осының нәтижесінде дайындықтан өткендерді уәкілетті орган тиісті әскери бөлімшелерге бірден бағыттайды», - деді Е.Бапи.
Атап айтқанда, резервтегі қызметке тартылғандар ұрысқа дайын құрам ретінде жасақталады. Бұл резервтегі қызмет қысқа мерзімде тиісті әскери бөлімге келуге, сондай-ақ қойылған міндеттерді орындауға дереу кірісуге даярланған азаматтардың сақадай-сай тұруына септігін тигізеді.