Руслан Берденовке оқ атқан қылмыскердің әйелі алғаш рет пікір білдірді

28 мамыр 2025 10:31 / Новости Казахстана

21 сәуір күні Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовті оқ атқан күдіктінің әйелі алғаш рет болған жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Arbat.media.

Оқиға 21 сәуір күні кешкі сағат 20:30 шамасында қалалық әкімдік ғимаратының жанында болған еді. Берденовке 5 рет оқ атылып, оның екеуі тиген. Ол дереу ауруханаға жеткізілді. Ал күдікті көп ұзамай ұсталды.

Күдікті ретінде 1994 жылы туған Ернар Жиенбай есімді жігіт ұсталды. Күдіктінің әйелі алғаш рет мәлімдеме жасады.

“Өткен бір ай біздің отбасымыз үшін де ауыр сынақ болғанын жеткізгім келеді. Енді ғана есімізді жиып, өз-өзімізге келіп жатқан жайымыз бар.

Әрбір минут, әр сағат, әр тәулік уайымдаумен болдық, жапа шеккен Руслан Берденов мырзаның амандығын тіледік. Жуырда ғана ем-домын алып, ауруханадан үйіне оралғанын естідік. Енді ертерек айығып, елге қызметін жалғастыруын тілейміз.

Жалпы, менің жолдасым Ернарды, мені және біздің ата-аналарымызды жақсы білетін адамдар, таныстарымыз, туыстарымыз біздің қандай қарапайым, отбасын бірінші орынға қоятын жандар екенімізді де біледі деп ойлаймын. Сонымен қатар, оларды біздің жат әрекеттерге, жаман істерге бармайтынымызға да сенімді деп білемін. Десе де, Ернарымыз жаза басқан екен, қателескен екен...

Мен бұл жағдайды тағдырдың сынағы деп қабылдап, барынша сабырмен қарап отырмын. Барлығын Алланың қолына тапсырдым. Ана ретінде, тек басымыздың амандығын, бауырымыздың бүтіндігін тілеймін.

Сондай-ақ осы жағдайға менің де қатысым бар деген бастапқыда тараған қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Ата-анадан көрген тәрбием, бойға сіңген иманым мұндай арсыз қылыққа аттап бастырмайтыны айдан анық”, - деп жазды ол.

Серіктес жаңалықтары