Семейде қылмыс жасаған бойжеткен Қарағандыға қашып кеткен

8 сәуір 2025 10:14 / Новости Казахстана

Семейде қылмыс жасап сотталып, пробация бақылауында тұрған бойжеткен Қарағандыда жүрген жерінен қолға түсті, деп хабарлайды Arbat.media.

Қарағанды облысының ПД мәліметінше, құқық қорғау органдарының мәліметтер базасын тексеру барысында аталған азаматша іздеуде жүрген тұлғалар қатарында болғаны анықталды. Ұстау фактісі бойынша іздеуді бастатқан органға хабар беріліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Анықталғандай, ұсталған азаматша туған қаласы Семейде алаяқтық дерегі бойынша сотталып, пробация қызметінің бақылауында тұрған. Алайда сот тағайындаған бақылаудан жалтару мақсатында ол Қарағанды қаласына қашып кеткен. Пробациялық бақылау талаптарын жүйелі түрде орындамағаны үшін, пробация қызметінің қызметкерлері сотқа жүгінуге мәжбүр болды. Абай облысының соты құқық қорғау органдарының өтінішін қанағаттандырып, шартты жазаны нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды.Қазіргі уақытта ұсталған азаматша сот үкіміне сәйкес жазасын өтеу үшін тиісті мекемеге жіберіледі», - делінген облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары