Семейде сәбиді қоқыс жәшігіне тастаған күдіктілер әлі қамауға алынбады

11 ақпан 2026 16:29 / Новости Казахстана

Семейде қоқыс жішігінен жаңа туған сәбидің мәйіті табылды. Әлеуметтік желіде күдіктілердің полицейлер екені туралы ақпарат тарады. Абай облыстық полиция департаменті бұл ақпартты жоққа шығарды, деп хабарлайды Arbat.Media.

3 ақпанда Семей қаласында Әуезов полиция бөлімінің кезекші бөліміне қоқыс жәшігінен сүлгіге оралған жаңа туған нәрестенің мәйіті табылғаны туралы хабар түскен. Ведомство сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілер анықталғанын мәлімдеді.

Алайда кейбір әлеуметтік желі қолданушылары күдіктілер құқық қорғау органдарында жұмыс істейтінін, сондықтан оларды қамауға алмаған деген болжам айта бастады. Бұл ақпаратқа Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Олар күдіктілердің полиция қызметкерлері екені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бірақ күдіктілер әлі уақытша ұстау изоляторына қамалмапты. Полиция қосымша тергеу әрекеттері жүргізілетінін мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Содан кейін тиісті процессуалдық шешімдер қабылданады.

Ешкім жауапкершіліктен қашып кете алмайды. Кінәсі дәлелденген әр адам лайықты жазасын алады», деді полициядағылар.

Серіктес жаңалықтары