Шерзат Полаттың отбасына әкімдік пен меценаттар неліктен жаңа үй салып бермеді?

9 маусым 2025 21:16 / Новости Казахстана

Желіде блогер Жан Ахмадиев марқұм Шерзат Полаттың отбасына үй салып беру үшін қаржы жиналуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arbat.Media Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Өткен жылы 12 қазанда Қаржаубай Нұрымовтың үйі түгелдей өртеніп кеткен еді. Сол кезде Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі марқұмның отбасына үй салып беруге уәде еткен. Биыл қаңтар айында қоғам белсендісі Айтбек Амангелді Шерзаттың отбасына меценаттың қаражатына үй салынатынын хабарлаған.

Блогер Жан Ахмадиевтің айтуынша, әлі күнге дейін үй салу туралы әкімдіктен де, меценаттардан да хабар болмаған. Содан кейін Нұрымовтар отбасы үйдің іргетасынн өздері қалап қойған.

“Мына үйдің іргетасын Қаржаубайдың өзі құйған. Өздеріңіз түсінгендей үйді енді ешкім салып бермейді. Алдағы уақытта қаржы жиналуы мүмкін”, – деді блогер.

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Шерзат Полаттың әпкесі Перизат Нұрымова мен Алматы облысы әкімдігінен мән-жайды сұрап білді.

Марқұмның әпкесінің айтуынша, қаржы жиналуы мүмкін. Алайда ол нақты емес.

"Әкімдік нақты жауабын бермеген соң, қаржы жиналуы мүмкін екенін айттық. Енді БАҚ беттерінде үй салып беретінін хабарлап жатыр. Алайда өзімізге тікелей байланысқа шықпады. Бүгінгі күнге дейін әкімдік тарапынан ешқандай көмек болған жоқ. Өртенген үйді өзіміз сүріп тастадық. Алайда бір қызметкерлер үйдің өртенген орнын, қоқысты бәрін өзіміз тазаладық деген жалған ақпарат таратты. Олар Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер бөлімі немесе әкімдік қызметкерлері ме, сол күйі біле алмадық. Ол жерде бүкіл өртеніп кеткен қалдықтарды өз ақшамызға тазалаттық", – дейді Нұрымова.

Перизат Нұрымова сот басталмай әкімдікке үйдің сызбасын тапсырған екен. Алайда жергілікті билік тарапынан ешқандай жауап болмаған.

"Ол кезде әкімдік қызметкерлері екі архитектуралық сызбамен келді. Біз екінші сызбаны таңдап, соны бекітіп бердік. Осы нұсқа жақсы, себебі көпбалалы отбасы екенін айттық. Сосын олар қарауға алып кетіп, қайтадан өзімізге қайтарды. Сосын басқа сызба сызып, құжатын жинап бердік. Олар үйдің құжаттары толық біткен соң іске кірісеміз, деді. Ол құжаттарды сот басталмай жасап бердік. Бір қабатты үйдің сызбасын тапсырсақ та, әлі ешкім кіріскен жоқ. Өздері таңдауды ұсынды. Кім болса да жақсы нұсқаны таңдайды. Олар үйді басында құрылыс компаниясы салып беретінін айтты. Кейін барғанда меценаттар салады, деді. Әкімдік БАҚ өкілдеріне үй салатынын айтқанымен, бізге әлі хабарласқан жоқ", – дейді Нұрымова.

 

Марқұмның әпкесі әкімдікке бірнеше рет барып, әкімнің өзімен жолыға алмай, кері қайтыпты.

Ал Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, өтініш иесі құжаттарды тапсырды, алдағы уақытта құрылыс жұмыстары басталады екен.

“Бұған дейін Нұрымов Қаржаубайға өртенген тұрғын үйін қалпына келтіру бойынша бірнеше рет көмек ұсынылды. Алайда сол уақытта жәбірленуші тарапынан құрылыс жұмыстарын жүргізуден бас тартылған. Осы жылдың көктемінде Қаржаубайдың қарындасы әкімдікке жүгініп, екі қабатты тұрғын үй салуға жәрдем беруін сұрады. Кездесу барысында оған бұрын бекітілген бір қабатты үй жобасына сәйкес құрылыс жүргізуге болатыны түсіндірілді. Себебі жобаға өзгерістер енгізу үшін қосымша келісімдер мен рұқсаттар қажет. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан түсіндірме жұмыстарынан кейін, өтініш иесі рұқсат құжаттарын рәсімдеу үшін барлық қажетті құжаттарды тапсырды. Қазіргі уақытта барлық құжаттар толық дайындалды. Құрылыс жұмыстары алдағы уақытта басталады деп жоспарланып отыр”, – делінген хабарламада.

Еңбекшіқазақ аудан ыәкімдігі құрылыс барысын қадағалап, өз өкілеттігі аясында қажетті қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары