Сталкинг бойынша сотқа 51 іс жолданды
ІІМ сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған (Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы) тағы еске салды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Полиция сталкингке аңду, қудалау барысында қорқыту, балағаттау, жала жабу, интернет арқылы аңду, жеке хат-хабарды оқуға әрекет жасау, бейнекамералар мен GPS-трекерлер арқылы бақылау секілді әрекеттер жататынын мәлімдеді. Мұндай әрекеттер уақыт өте келе зорлық-зомбылық, денсаулыққа зиян келтіру сияқты ауыр қылмыстарға ұласуы мүмкін.
Қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес жаза ретінде 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.
ІІМ мәліметінше, сталкинг қылмыс ретінде енгізілген күннен бастап сотқа 51 іс жолданған. 36 іс бойынша күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полициядағылар сталкинг дерегіне қатысты бірнеше мысал келтірді. Батыс Қазақстан облысында сталкердің бұрынғы әйеліне жасаған іс-әрекеті сотқа дейін жеткен. Бұрынғы жұбайы әйелді жүйелі түрде қудалап келген. Оған қайта-қайта қоңырау шалып, хабарламалар жазған, жаңа байланыс нөмірлерін тауып алған, тұрғылықты жеріне келіп маза бермеген. Бөкейорда аудандық соты ер адамды кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.