Сыбайлас жемқорлыққа азаматтарымыз да бейжай қарамауға тиіс

22 қаңтар 2024 18:00 / Новости Казахстана

Қоғамның жегі құртына айналған сыбайлас жемқорлықпен күрес жалғаса береді. Бұл мәселеге мемлекеттік мекемелер де, азаматтарымыз да бейжай қарамауға тиіс. Осы орайда жемқорлыққа қарсы күрес Солтүстік Қазақстанда жүйелі жүргізіле бастады, - деп хабарлайды Arbat.media

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте біз қазір жемқорлықтың салдарын ғана емес, оны тудыратын себептерді де жоюға тырысамыз. Бұл жұмыс әлеуметтік маңы­зы зор мәселелерден тұратын «Сы­бай­лас жемқорлық тәуекелдері картасы» аясында жүзеге асырылып жатыр, деді журналистермен кездескен облыстық жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов.

Осы күрестің мысал­да­ры қатарында ол шекаралық бекеттерден сыртқа шығаруға уақытша шек­теу қойылған тауарларға бақылау жасал­ғанын алға тартты. Оның ішінде түрлі малдар, көмір, түсті және қара металл сынықтары, құбырлар мен рельстер бар.

А.Жүнісовтің сөзіне сүйенсек, ветери­нарлық бақылау өз қызметін жіті, қалыпты атқармайды. Олардың кейбіреуі елге енгізуге болмайтын өнімдерді тасымалдайтын кәсіпорындарға «жанашырлық» көрсетіп, мүдделерін қорғаған. Соның кесірінен мысалы, өткен күзде дүкен сөрелерінде санитарлық сүзгіден өтпеген ресейлік шошқа еті, сондай-ақ нарықта жем азықтар пайда болған. Дегенмен осындай бұзушылықтарға жол берген ветеринарлық бақылау бекеттерінің атауы және оларға қандай шаралар қолданылғаны айтылмады.

Бір қызығы, солтүстікқазақстандық антикор қызметі қоршаған ортаға зиян келтірген 206 кәсіпорынның бюджетке төлеген 96 млн теңгесін өздеріне қайтар­тыпты. Өйткені қаржы қате төленген.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті 201 млн теңге қаржыға қатысты заң бұзушылықты анықтап, оның 124 млн теңгесін мемлекеттің және меншік иесінің есебіне қайтартқан.

А.Жүнісовтің баяндамасына қараған­да, Антикор «ЕОЗ» жүйесі арқылы 58 бюджеттік мекеме түрлі тауарларды сатып алу бағасын 1,8 млрд теңгеге арттырып жібергенін анықтаған. Оның ішінде білім беру саласы 16 жағдайда бағаны 480,6 млн теңгеге негізсіз арттырған. Ал облыстың қаржы басқармасы бар-жоғы 24 мың теңгеге сатып алынатын журналдардың бағасын 1 млн 368 мың теңгеге сатып алуды жоспарлап қой­ған. Сөйтіп, бағаны 57 есе өсі­ріп жі­бер­ген.

«Ақан сері» орман шаруашы­лығы мекемесі бір литр А-92 жанар-жағар­майын 16 696 теңгеге алмақ болып, жоспарға енгізіп қойған екен. Анти­кордың араласуымен бұл жолы 664,5 млн теңге бюджет қаражаты үнемделген. Айыртау ауданының білім бөлімі де жылу қазандықтарын сатып алу бағасын шектен тыс арттырып жіберген, тіпті бұл соманы бюджеттің шығысына енгізіп қойыпты. Олар нарықта 30,7 млн теңге тұратын бір қазандықтың бағасын 307,6 млн теңге деп көрсеткен екен.

Осындай жағдай Жамбыл ауданының Преснов ауылдық округі әкімдігінің аппаратында да тіркелген. Олар кәдімгі ұзын орындықтардың бағасын 7,5 млн теңге деп көрсетіп, бюджет қаражатын шығындамақ болған. Алайда Антикор араласқан соң оның 6,7 млн теңгесі бюджет есебіне қайтарылған.

 

 

Серіктес жаңалықтары