Шығыс Қазақстанда халықаралық бүркітшілер фестивалі мәресіне жетті
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Бозанбай ауылында орналасқан Бүркіт төбе алаңында дәстүрлі халықаралық «Шығыс Салбұрыны» бүркітшілер фестивалі өтті. Екі күнге созылған фестивальде әлемнің бірнеше елінен келген құсбегілер сайысқа түсті. Атап айтқанда, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Мажарстаннан қатысушылар шақырылған. ШҚО туризм және спорт басқармасының мәліметіне сүйенсек, бұл шараны өткізудегі негізгі мақсат - қазақ халқының бай мәдени мұрасын жандандырып, ұлттық спорт пен құндылықтарды дәріптеу арқылы саламатты өмір салтын насихаттау, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Бүркітшілер құстарды жемге, еркін және иесінің шақыруымен ұшыру сайыстарында, шырғамен қоян және түлкі аулау жарыстарында бақ сынасты. Республикалық «Құсбегілік» федерациясының президенті Берік Уәлидің айтуынша, фестиваль Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалғасы болғандай.
«Осындай фестивальдің республикамызда өтіп жатқанына өте қуаныштымыз. Бұл туризмді дамытуға үлес қосып, шетелдік қонақтарды еліміздің салт-дәстүрімен, тарихымен таныстырды. Бүгінгі фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген бұл ұлттық спорт Олимпиадалық деңгейге де жетуі тиіс», - деді Берік Уәли.
Жарыс қорытындысы келесідей:
Бүркіт салу:
1-орын Сәлімхан Ерғазыұлы (Жетісу облысы)2-орын Күнтуған Серікбек (Астана қаласы)3-орын Ерлан Кенжетаев (Ақмола облысы), Олжас Бердімұрат (Алматы облысы)
Қаршыға сайысы:
1-орын Ерасыл Серікбекұлы (Астана қаласы)2-орын Ермұхан Бәйетбай (Алматы облысы)3-орын Жамбырбек Бердияр (Жамбыл облысы), Бабажан Берікболсын (Жамбыл облысы).
Сұңқар мен ителгі салу:
1 және 2 орын Таңат Оспанқұлов (Қарағанды облысы) 3-орын Темірәлі Төлегенұлы (Қарағанды облысы), Иманзайып Ермек (Павлодар облысы).